Президент тапсырмасы: Алматыда сумен қамту нысандарының құрылысы қалай жүріп жатыр

Фото: Алматы әкімдігі

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды мегаполистің сумен жабдықтау жүйесін дамыту және жаңғыртуға бағытталған инженерлік инфрақұрылымның маңызды нысандарын тексерді. 

Ақсай өзенінде су қоймасы, Нұрлытау шағын ауданында су жинақтау кешені, сондай-ақ Нұр Алатау шағын ауданында резервтік гидротехникалық құрылғы салынып жатыр.

Алғашқы нысан 1948 жылы салынған, кейін 2015 жылы соңғы рет реконструкцияланған. Қазір ол Алматы халқының шамамен 20%-ын, оның ішінде Бостандық ауданы мен Алмалы, Медеу және Әуезов аудандарының кей бөліктерін сумен қамтамасыз етіп отыр.

Фото: Алматы әкімдігі

Әкімнің айтуынша, мұндай станциялардың тұрақты жұмысы қала тұрғындарының денсаулығы мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.

Келесі нысан — Наурызбай ауданының Таужолы шағынауданындағы су тарту станциясының құрылысы. Құрылыс-монтаж жұмыстары 2025 жылдың қарашасында аяқталады деп жоспарланған.

Фото: Алматы әкімдігі

Жоба Наурызбай және ішінара Қарасай аудандарының 100 мыңнан астам тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

— Су — өмірдің көзі. Сондықтан мұндай жобалар уақытында аяқталып, барлық стандарттарға сай болуы керек, — деп атап өтті Дархан Сатыбалды.

Нұрлытау шағынауданында су дайындау кешені мен су қысымын арттыруға арналған сорғы станциясының құрылысы жүріп жатыр. Бұл жоба Нұр Алатау, Ерменсай, Ремизовка, Ақтөбе және басқа да шағынаудандардың 45 мыңнан астам тұрғынын сумен қамтуды жақсартуға бағытталған.

Фото: Алматы әкімдігі

Әкім жұмыс қарқынын күшейтіп, нысанды 2026 жылдың жаз маусымының соңына дейін аяқтауды тапсырды.

— Сумен қамтамасыз ету — ерекше бақылауда. Қала өсіп келеді, сондықтан Алматының ауқымына сай қосымша қуат көздері қажет, — деді әкім.

Фото: Алматы әкімдігі
Фото: Алматы әкімдігі

Жұмыс сапарының соңында қала басшысы Нұр Алатау шағынауданында салынып жатқан резервтік гидротехникалық нысанда болды. Бұл жоба қаланың сумен жабдықтау жүйесінің шарықтау кезеңдеріндегі тұрақтылығын арттырып, бүкіл инфрақұрылымның сенімді жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған.

Еске салайық, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын сумен қамтамасыз ету жалпымемлекеттік маңызы бар басым міндет екенін атап өткен болатын