Президент тапсырмасы: БҚО-да шалғай ауыл балалары оқу жылын жаңа мектепте бастады

Фото: Фото: Қыдыр Харесұлы

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданы Көктерек ауылдық округі Саралжын елді мекенінде жаңа мектеп пайдалануға берілді.

Шалғай ауылдағы 60 орындық жаңа мектептің ашылу салтанатына БҚО әкімінің орынбасары Қайыржан Меңдіғалиев, аудан басшысы Асланбек Сарқұлов қатысып, ұстаздар мен оқушылардың, тұрғындардың қуанышына ортақтасты.

Фото: Қыдыр Харесұлы

«Осындай сәулеті келіскен заманауи жаңа мектептің ашылуы – мемлекетіміздің ауыл халқына, ауылда туып, ауылда өсіп келе жатқан өскелең ұрпаққа тартуы. Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасымен өңірде 11 мектеп бой көтеріп жатса, соның бірі – осы білім ордасы. Жаңа мектеп «ҚПО б.в.» компаниясының әлеуметтік жобалары аясында салынды», - деді Қ.Меңдіғалиев.

Фото: Қыдыр Харесұлы

Саралжын елді мекенінде Кеңес Одағының Батыры Мәжит Жүнісов атындағы негізгі орта мектебінің ескі ғимараты 1989 жылы салынған. 60 орынға есептелген жаңа мектептің жалпы құны – 750 млн теңге. Мердігері - «Ақсай Строй Сервис» ЖШС. Жаңа оқу кабинеттерімен жабдықталған мектеп ауласында шағын футбол алаңы, баскетбол, жүгіру алаңдары және демалу орны бар.

Фото: Қыдыр Харесұлы

Мереке барысында осы ауылдан түлеп ұшқан белгілі қаламгер-ұстаз, «Парасат» орденінің иегері, Казталов ауданының құрметті азаматы Дариға Мұштанованың сыныбы ашылды.

Фото: Қыдыр Харесұлы

Аудан әкімі Асланбек Сарқұловтың айтуынша, биыл Казталов ауданында барлығы 5 293 оқушы мектеп есігін ашса, соның 518-і бірінші сыныпқа барды.

«Ауданымызда биыл жабылған, үш ауысымда оқитын мектептер жоқ. Мұғалімдерге қажеттілік мәселесі шешіліп жатыр. Казталов ауданы Ресеймен шектесетіндіктен, шекаралас ауылдарда білім ордаларын қалыпты жағдайда ұстауға да барынша көңіл бөлінуде», - деді Kazinform тілшісіне А.Сарқұлов.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Білім күні балалар қауіпсіздігін сақтауға 540-қа жуық полиция қызметкері жұмылдырылғанын жазған болатынбыз.