Президент тапсырмасы: Бұқтырма су қоймасында техникалық көпірдің құрылысы аяқталды

Фото: Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметінен

Бүгін Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін техникалық көпірдің құрылысы аяқталды. Ол техника, жабдықтар мен мамандарды жұмыс орнына үздіксіз және жедел жеткізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Kazinform.

Техникалық көпірдің ұзындығы - 1 153 метр. Онда 13 құрылыс алаңы бар.

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев көпірге барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. 

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметінен

«Көпір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынып жатыр. Ол логистиканы, туризмді, шағын және орта бизнесті дамытуға сеп болады. Қазірдің өзінде мұнда жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары жұмыс істеп, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Көпірдің бәріміз үшін, бірінші кезекте шалғайдағы шекаралас аудандарымыз Күршім, Зайсан және Тарбағатай аудандарының тұрғындары үшін маңызы зор. Бұл стратегиялық жобаны 2024 жылы лайықты аяқтайтынымызға сенімдімін», - деді Ермек Көшербаев.

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметінен

Екіжолақты автомобиль көпірі Күршім ауданының Құйған ауылындағы Бұқтырма су қоймасының ені ең кіші учаскесінде салынып жатыр. Бұл Қазақстандағы ең ұзын көпір болмақ. 

18 тіректің он екісі орнатылып, алтауы бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан басқа, кірме жолдар, су өткізу құрылыстары мен айналма жолдар ретке келтіріліп жатыр.

«Бұған дейін кезек күту уақытын есептемегенде, су қоймасы арқылы пароммен өтетін уақыт 40 минутқа созылса және пароммен әрбір жүріп өткені үшін көп ақша төлеуге тура келсе, енді құрылыс аяқталғаннан кейін су қоймасын екі минутта ғана кесіп өтуге болады», - дейді Шығыс Қазақстан облысының әкімі.