Президент тапсырмасы: Мәжіліс ғылым қалашықтарына қатысты заң жобасын қарайды

Фото: Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Парламент Мәжілісінің қарауына «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ғылымды қажетсінетін аумақтарды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы енгізілді.

- Бұл заң жобасы Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында берген тапсырмасы аясында депутаттардың бастамасымен әзірленді. Аталған құжат бойынша ғылым қалашықтарының қызметі реттеледі. Оларды құру, дамыту әрі қолдау тетіктері айқындалады. «Ғылым және технологиялық саясат туралы» заңы мен басқа да құжаттарға осы аймақтар үшін ғылыми зерттеулерді дамыту, оларды қаржыландыру бойынша нақты тетіктер анықталып отыр. Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени комитеті осы заң жобасы бойынша тиісті қорытынды әзірлеуге дайын, - деді депутат Асхат Аймағамбетов Мәжілістің жалпы отырысында.

Еске салсақ, биыл наурыз айында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми қалашықтарға қатысты пікір білдірді.

- Ғалымдардың пікірінше, тиісті дәстүрі мен тәжірибесі бар Курчатов қаласы екінші ғылым қалашығы бола алады. Бірақ мынаны ескерткім келеді: осы жоспардың бәрі шынайы есеп-қисапқа және табанды жұмысқа негізделуге тиіс. Көзбояушылық пен көпірме сөзге әбден тойдық. Сұрауы қатты болады, - деді Президент.