Президент тапсырмасы: Өңірлерде театрларды дамыту үшін не істеу қажет
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда театртанушылар аймақтық театрлардың хал-күйі және даму үдерісін талқылады.
Жиын М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ұйымдастыруымен Алматы қаласы «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығының мәжіліс залында өтті.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры, өнертану кандидаты, театртанушы Анар Еркебай Президенттің Ұлттық құрылтайдың IV отырысында аймақтық театрлар туралы айтқан сыны өзекті екенін атап өтті.
— Президентіміз Семей театрының ғимаратында 3 театр отырғанын айтты. Өкінішке қарай, мұндай театрлар өңірлерде бар. Мысалы, Өскеменде де дәл сондай жағдай. 3 труппа бір сахнада кезектесіп ойнайды. Ақтөбедегі Тауахи Ахтанов атындағы театрын да айта аламыз. Бірақ Мемлекет басшысы Ақтөбе өңіріне барғаннан кейін ол жақта жаңа ғимараттың құрылысы басталды. Сонымен қатар Таразда екі театр бір ғимаратта жұмыс істеп жатыр. Осы мәселеге мән берілсе, әрине олардың жұмысы жемісін бере бастайды, — деді ол.
Анар Еркебай қазіргі уақытта көптеген театрда театртанушылардың жоқ екеніне де назар аударды. Айтуынша, бұл мамандардың жұмысы өңірлердегі өнер ордаларының жоғалып кетпеуіне септігін тигізеді.
— Т.Жүргенов атындағы өнер академиясы мен К.Байсейітова атындағы өнер университеті театртанушыларды дайындап жатыр. Бұл оқу орындарынан шыққан театртанушылар құлшыныспен облыстарға барып жұмыс істейді. Дегенмен, оның өзі аздық болып отыр. Себебі көп театрда театртанушылар жоқ. Ал бұл мамандық тек әдебиет бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарумен шектелмейді. Олар сол театрдың тарихын жазады, шежіресін тізеді, актерлердің шығармашылық портреттерін жазып, сол театрдың жоқ болып кетпеуіне үлесін қосады, — деді ол.
Театрлар репертуары қалай өзгерді
Ал Қазақстан театр сыншылар бірлестігінің президенті Бақыт Нұрпейіс ұйым тарапынан жүргізілген сауалнама нәтижелерімен бөлісті. Қазақ театрларының репертуарларына қатысты зерттеуге 60-қа жуық театр қатысқан. Оның нәтижесіне сәйкес, соңғы 3 жылда 239 пьеса төл драматургтердің (заманауи драматургия) негізінде қойылған. Одан бөлек заманауи аударма драматургия — 109, орыс классикалық драматургиясы — 67, шетел классикалық драматургиясы — 84, қазақ классикалық драматургиясы — 44.
— Қазір М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов сынды драматургтеріміздің пьесаларын қоюға облыстық театрлар жүрексіне бастаған. Оның себебін іздесек, ұлттық классиканың басты рөлдерін ойнайтын актер, актрисалардың тапшылығы бар. Еңлік, Кебектер жоқ. Театр фестивальдерін өткізген кезде өзіміз қиналып жүрміз. Әсіресе, әйел бейнесін сомдайтын жас актрисаларды таппаймыз, — деді Бақыт Нұрпейіс.
Сондай-ақ ол қойылымдарға қатысты сыншылар мен театртанушылардың сыны ескерілмей жатқанын атап өтті.
— Қарағанды облыстық театрында көрсетілген Гүлназ Балпейісова қойған «Қарагөз» спектаклі үлкен сынға ұшырады. Театртанушылар тарапынан кері пікір айтылғанына қарамастан, халықаралық фестивальдерге дейін шығып келді. Біз салт-дәстүрімізді осылай келеке қылып көрсетуге қарсы екенімізді айтқанбыз. Ал Оңтүстік Кореяда бүкіл қойылымдар, фильмдер үлкен сараптау комиссиясынан өтеді. Егер ұлттық идеология, салт-дәстүрге кері дүниелер болса, қанша қаржы жұмсалғанына қарамастан тоқтатылады. Сонда біз қарап отырып, бәріне жол бере береміз бе, — деді сыншы.
Сөз соңында Бақыт Нұрпейіс театр сыншылары театрлардағы көркемдік кеңестің жұмысына шақырылса, жұмыс оңға басатынын тілге тиек етті.
Театр туралы заң қажет
Анар Еркебай театр туралы заң қабылдауды ұсынды. Оның айтуынша, әлемнің көптеген мемлекетінде мұндай заң бар.
— Тіпті посткеңестік елдерде бұл заң қабылданған. Бізде оның жоқтығы кей тұстарда кедергі болып тұр. Әрине, елімізде мәдениет туралы заң бар және оның ішінде театрға қатысты тармағы бар. Бірақ әр театр басшысының, ондағы қызметкерлердің құзыреттілігін көрсететін, жұмысы мен шығармашылығына бағыт-бағдар беретін заң өте қажет, — деді ол.
Анар Еркебай министрлік тарапынан театр басшылары, режиссерлер, театртанушылар, Театр қайраткерлері одағы, Театр ассоциациясы, Театр сыншылары бірлестігінен адамдар іріктеліп, жұмыс тобы құрылса, айтылған заңды жасап шығаруға болатынын атап өтті.
Еске салайық, Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтық театрлардың жай-күйі туралы мәселе көтерді және жергілікті бизнес өкілдерін театрларға қолдау көрсетуге шақырды.