Жаңа әлеуметтік нысан Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, заманауи оңалту орталықтарының желісін дамыту аясында, Бозарық шағынауданында салынды. Құрылысы 2024 жылдың желтоқсанында басталып, мерзімінен бұрын аяқталып отыр.
Нысан 5,3 гектар аумақта орналасқан. Ғимараттардың жалпы ауданы шамамен 22 мың шаршы метрді құрайды. Кешен медициналық, оңалту, спорттық, әлеуметтік және тұрғын инфрақұрылымды біріктіретін бес блоктан тұрады.
Орталық I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жартылай стационарлық форматта арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге арналған.
Қала әкімі орталықтың ашылуы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындаудың маңызды нәтижесі екенін атап өтіп, оның қала тұрғындарына сапалы оңалту көмегін алуға мүмкіндік беретінін айтты.
– Президенттің тапсырмасына сәйкес Шымкентте мүгедектігі бар азаматтар кешенді көмек алып, қолайлы жағдайда оңалтудан өте алатын заманауи орталық ашылды. Мұнда денсаулықты қалпына келтіруге, әлеуметтік бейімделуге және белсенді өмірге оралуға барлық мүмкіндік жасалған, – деді Ғабит Сыздықбеков.
Кешен құрамында үш қабатты оңалту корпусы, емдік-сауықтыру бассейні, спорт және акт залдары, екі қабатты стационар, асхана, шеберханалар және басқа да қажет бөлмелер қарастырылған.
Оңалту корпусында дәрігерлер мен мамандардың кабинеттері, физиотерапия, механотерапия, массаж, сумен емдеу, логопедиялық және психологиялық көмек көрсетуге арналған бөлмелер орналасқан. Әлеуметтік және еңбекке бейімдеу мақсатында тігін, қыш және слесарлық шеберханалар, шығармашылықпен айналысуға арналған бөлмелер мен кітапхана қарастырылған.
Дене оңалтуына да ерекше көңіл бөлінген. Емдік-сауықтыру бассейні бір мезетте – 46 адамға дейін, ал спорт залы 25 адамға дейін қабылдай алады. Акт залы 150 орынға есептелген, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар пайдаланатын арбаларға арналған 40 орын бар.
Қызмет алушылардың уақытша тұруы үшін бір және екі орынды бөлмелерден тұратын екі қабатты стационар жасақталған. Олардың арасында мүгедек арбасын пайдаланатын азаматтарға арнайы бейімделген бөлмелер де бар.
Орталық отандық және шетелдік өндірістің заманауи медициналық жабдықтарымен, оның ішінде арнайы техникамен қамтамасыз етілген. Қажет процедуралар аяқталған соң орталық азаматтарды қабылдауды бастайды.
Айта кетейік, орталықтың ашылуы Шымкент тұрғындарының оңалту және арнаулы әлеуметтік қызметтерге қолжетімділігін кеңейтіп, мүгедектігі бар азаматтардың денсаулығын қалпына келтіруі мен әлеуметтік бейімделуіне қосымша мүмкіндік береді.