Мемлекет басшысы былтыр Алматыға келген жұмыс сапары барысында мегаполистегі ауыз су мәселесіне қатысты тапсырма берген-тін.
«Бірқатар ауданда орталықтан берілетін су жоқ. Алматының 30 мыңға жуық тұрғыны суды тасып ішеді. Әкімдікке 3 жылдың ішінде барлық тұрғындарға орталықтан су беруді тапсырамын. Алдағы 2 жылда Қарғалы, Ақсай өзендерінен су алатын 2 ірі құрылғыны іске қосу керек. Наурызбай және Алатау аудандарында су жинайтын жаңа орталықтар салу қажет. Бұл шаралардың арқасында 150 мың адамға су беріледі. «Ерменсай» және «Барлық» өзендерінен су тарту жүйесін де іске қосу маңызды. Су – тіршілік көзі. Тұрғындардың өмір сапасы тікелей суға тәуелді. Сондықтан сумен қамтамасыз ететін жаңа желі салу, жаңғырту жұмысын басты назарда ұстау керек», – деген Президент.
Бұл мақсатта осы жылдың қазан айында Наурызбай ауданының шығыс бөлігіндегі Қарғалы өзенінде су жинау құрылғысын салу аяқталады және 50 мың тұрғын сапалы суға қол жеткізеді.
Наурызбай ауданының батыс бөлігінің 100 мыңға жуық тұрғынын қамып, Ақсай өзенінде су жинау құрылғысын салу жалғасады.
Оның аяқталу мерзімі – 2025 жылғы қараша.
Алматы әкімдігінің мәліметінше, жалпы өнімділігі тәулігіне 50 текше метрден асатын Ерменсай және Барлық өзендерінде 2 су жинау құрылғысының құжаттамалары әзірленіп жатыр.
Бұл көздер қаланың 2 ауданының 100 мыңнан астам тұрғынын сумен қамтиды.
Қабылданып жатқан шаралардың арқасында 2025 жылға қарай 250 мыңнан астам адам, оның ішінде биыл 50 мың адам орталықтандырылған суға қол жеткізе алады.
Бүгінгі күні Медеу ауданында су қоймасының құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Резервуардың құрылысы Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен төтенше жағдай желісі бойынша жүзеге асырылуда.
Жобаның әкімшісі - Медеу ауданы әкімдігінің аппараты.
«Нысан өте маңызды, оны іске асыру биыл Медеу ауданының оңтүстік бөлігіндегі бірқатар шағын ауданды тұрақты сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жоба жалпы су шығыны 220 м³/сағ дейін төрт меншікті ұңғыманы бұрғылауды және әрқайсысының көлемі 3 мың текше метр екі үлкен су қоймасының құрылысын қарастырады. Жұмыс принципі - ұңғымалар резервуарларды толтырады. Осылайша, 20 мыңға жуық тұрғын тұрақты сумен қамтамасыз етіледі», - деп түсіндірді Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі.
Алматы қаласының жаңа бас жоспарын әзірлеушілердің сөзінше, шаһар бойынша су құбыры желілерінің тозуы – қазіргі уақытта 54,2 пайыз. Тиісінше 1 943 шақырым су құбыры желілерін ауыстыру қажет. Кәріздердің тозуы – 56,6% пайыз, яғни 1000 км-ден астам желіні жаңарту керек.
Су құбыры мен құрылғылар құрылысының бірінші кезегін іске асыру аясында 2030 жылға дейін құйылатын инвестиция көлемі – 144 млрд теңге.
Инженерлік инфрақұрылым құрылысының екінші кезегіне (2040 жылға дейін) 257 млрд теңге мөлшерінде қаржы қажет, оның ішінде 1 545 км су құбыры желілері бар.
Сумен жабдықтау жүйесін дамытумен бір мезгілде қалалық аумақтарды кәріздеу бағдарламасын жедел іске асыру көзделген.
Іле Алатауының етегіндегі бау-бақшаларды сақтау мәселесіне қатысты мамандар бас жоспарда қаланың жасыл қорын сақтау мен ұлғайту қарастырылғанын, тау бөктерлерін дамытуға қатаң шектеу енгізілгенін түсіндірді.
Сарапшылардың сөзінше, соңғы жылдары әлем бойынша экологиялық өзгерістерге байланысты Алматының жасыл кеңістігі нашарлаған.
Сондай-ақ, жасыл кеңістікті күтіп ұстаудағы біздің бұрынғы әдісіміз өз маңызын жойды.
Осыған байланысты жаңа технологияны қолданып, қалаға жауын-шашын мол жауатыны ескерілуі керек.