Президент тапсырмасы: Бұқтырмадағы көпір құрылысына тағы 20 млрд теңге бөлінеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Шығыс Қазақстандағы Күршім мен Көкпекті аудандарын жалғайтын «Қызыл ту» өткеліне көпір салынып жатқаны белгілі. Көпір құрылысы 2024 жылға дейін аяқталады деп күтілуде.
«Қазіргі уақытта екі жақ жағалауда да тіректер салынып жатыр. Уақытша көпір толықтай салынып бітті. Сол арқылы құрылыс-монтажтау жұмыстары жүргізілуде», - дейді Күршім ауданының әкімі Алмат Ақышов.
Оның айтуынша, биыл көпір салуға 15 млрд теңге бөлінген. Қазірдің өзінде көпірде болатын 21 тіректің 9-ы орнатылып қойды. Жұмысты жеделдету үшін келесі жылы құрылысқа қосымша 20 миллиард теңге бөлінеді деп көзделуде.
Айта кетейік, бұл Қазақстандағы ең ұзын көпір болмақ. Оның жалпы ұзындығы - 1316 метрді құрайды.
Еске салсақ, былтыр Бұқтырмада Қазақстандағы ең ұзын көпірдің құрылысы басталғаны хабарланған.