Президент тапсырмасы: Бұқтырмадағы көпір құрылысының қазіргі жағдайы қандай

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында Бұқтырма су қоймасы арқылы өтетін көпір құрылысы жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: smi24.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Шығыс Қазақстандағы Күршім мен Көкпекті аудандарын жалғайтын «Қызыл ту» өткеліне көпір салынып жатқаны белгілі. Биыл құрылыс жұмыстарына қосымша қаражат бөлінеді.

Бұл туралы әкімдікте өткен жиналыс барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Алмасхан Сматлаев мәлім етті.

«Қазір көпірдің жеті тірегі орнатылып қойды, тағы төртеуі орнатылып жатыр. Көпірге апаратын 18 шақырымдық жол толықтай жөнделіп, әзірленді. Құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүруде», - деді ол.

Екі жолақты автокөлік көпірі Құйған ауылының жанындағы жасанды су қоймасының ені ең жіңішке учаскесінде салынуда. Көпірдің ұзындығы 1,3 шақырымнан асады.

Жалпы Шығыс Қазақстанда биыл 242 шақырым жол жөнделмек. Бұл мақсатта 7 млрд теңгеден астам қаражат бөлінеді.

Еске салсақ, былтыр Бұқтырма арқылы өтетін көпір құрылысына қосымша 20 млрд теңге қаралатындығы хабарланған болатын.