БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім еткеніндей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 9 наурызда өңірге жұмыс сапары барысында «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ қаражаты есебінен Оралда көп функционалды спорт кешенін салу мәселесін пысықтау бойынша тапсырма берген.
Қ. Есендияровтың сөзіне қарағанда, тапсырмаға сәйкес облыс басшылығы Ұлттық компания өкілдерімен спорт кешенін салу үшін жер телімін белгілеу бойынша келісім жүргізді. Соның нәтижесінде қаланың 10-шағынауданы аумағы таңдалды. Биыл қазан-қараша айларында аталмыш спорт кешені құрылысын бастау жоспарланып отыр.
«Мемлекет басшысының спорттық инфрақұрылымды нығайту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында өткен жылы Сырым ауданы Бұлдырты ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Орал қаласында 2, аудандарда 24 спорт алаңы пайдалануға берілді. Сондай-ақ, жыл басынан бері Казталов ауданында тағы 3 спорт алаңы іске қосылды. 2023 жылы Ақжайық ауданы Чапаев және Тайпақ ауылдарында, алдағы жылы Казталов пен Тасқалада барлығы 4 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін қолданысқа беру көзделіп отыр», - деді Қ. Есендияров.
Басқарма басшысы келтірген мәліметке қарағанда, өңір тұрғындарының дене шынықтыру мен спортқа сұранысын қанағаттандыру мақсатында облыста 1 788 спорттық құрылым жұмыс істейді.
Облыс бойынша бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға биыл 235,196 млн теңге (өткен жылы – 231,518 млн) қаралды. Қазіргі таңда өңірде дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысушылар саны 270 219-ға жетті, бұл – облыс халқының 39 пайызы. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 41 пайызға жеткізу ойластырылып жатыр.