«Синьхуа» ақпарат агенттігінің құрылғанына 95 жыл толуына орай ұйымдастырылған форум «Зияткерлік трансформация жағдайындағы БАҚ миссиясы және бірлескен іс-қимыл» тақырыбына арналған.
Саммит жұмысына әлемнің 112 елінен 330-ға жуық бұқаралық ақпарат құралының, талдау орталықтары мен халықаралық ұйымдардың 500-ге жуық өкілі қатысып жатыр.
Президент Телерадиокешенінің мерейтойлық іс-шараға қатысуы «Синьхуа» агенттігімен кәсіби әріптестікті одан әрі дамытуға мүмкіндік береді. Бұл ынтымақтастық тәжірибе мен контент алмасуды, маңызды жаңалықтар мен оқиғаларды өзара ақпараттық сүйемелдеуді, сондай-ақ бірлескен шығармашылық жобаларды жүзеге асыруды қамтиды.
2025 жылғы маусымда Президент Телерадиокешенінің қолдауымен «Синьхуа» агенттігі ұйымдастырған «Қытай — Орталық Азия» ақпарат агенттіктері форумында медиаұйымдар өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған еді. Келісім аясында тараптар мультимедиалық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруды, ақпарат алмасудың жаңа жолдарын дамытуды және қазақстандық әрі халықаралық аудиторияға арналған контент таратуды көздейді.
Сол кезде ақпарат алмасу саласындағы ынтымақтастықтың басым бағыттарын айқындайтын стратегиялық құжат — Астана консенсусы қабылданды. Бұл құжат өңір елдері мен Қытай арасындағы цифрлық технологиялар, ақпарат және IT салаларындағы өзара ықпалдастықтың негізін қалап, ұзақмерзімді әріптестіктің негізгі бағыттарын белгіледі.
Қытайдың бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысты дамыту — Президент Телерадиокешенінің Азия елдерінде бірыңғай әріптестік желісін қалыптастыру бағдарламасының бір бөлігі. Осы бағыттағы ынтымақтастық туралы келісімдер Жапония, Корея, Вьетнам, Үндістан, Пәкістан және Еуразияның басқа да елдеріндегі медиакомпаниялармен жасалған.
ҚР Президентінің Телерадиокешені — медиаөнімдер әзірлеуден бастап, оларды түрлі платформалар мен ақпарат тарату арналары арқылы аудиторияға жеткізуге дейінгі толық өндірістік циклды қамтитын еліміздегі ірі медиакомпаниялардың бірі.
Компания құрамына қазақстандық аудиторияға арналған Jibek Joly телеарнасы мен аттас радиостанция, халықаралық Silk Way, Silk Way Cinema және Silk Way Prime телеарналары, «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі, Деректі кино орталығы және TRKLAB цифрлық бөлімшесі кіреді.
«Синьхуа» ақпарат агенттігі — Қытайдың ресми мемлекеттік ақпарат агенттігі әрі әлемдегі ең ірі және ықпалды ақпарат құралдарының бірі. 1931 жылы құрылған агенттік 13 тілде ақпарат таратады. Әлемнің түкпір-түкпірінде 180-ге жуық тілшілер қосыны жұмыс істейді.
Айта кетейік, бүгін Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның Астанаға ресми сапары аясында Қазақстан Президентінің Телерадиокешені мен Тәжікстанның медиа құрылымдары арасында өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды.