Президент Телерадиокешені иорданиялық БАҚ-пен байланысын дамытады

Фото: Фото: Президент ТРК

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Амман қаласында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Иордан Хашимит Корольдігіне ресми сапары аясында Президент Телерадиокешені, Иордан телерадио корпорациясы (Jordan Radio and Television Corporation) және «Әл-Мамляка»  тәуелсіз медиа стансасы (The Independent Media Station Al-Mamlaka TV) арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

БАҚ саласындағы Қазақстан мен Иордания қарым-қатынасын нығайтуға бағытталған құжатты Президент ТРК директоры Раушан Қажыбаева мен Иордан Хашимит Корольдігі министрлер кабинетінің мүшелері Яруб әл-Куда және Муханнад Шехаде рәсімдеді. Меморандумға қол қою рәсімі Иордания королі сарайындағы ресми салтанатты шара барысында өтті.

Естеріңізге сала кетсек, 2023 жылы Президент ТРК құрамына кіретін «Казинформ» халықаралық ақпарат агенттігі мен Иордан ақпарат агенттігі (Petra) арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын. Қол қойылған жаңа құжат достас екі елдің бұқаралық ақпарат құралдарының кәсіби байланысын одан ары дамтуға бағытталған.

ҚР Президенті ТРК – Қазақстандағы ірі медиа-компаниялардың бірі, оның құрамына Jibek Joly, Silk Way, Silk Way Cinema телеарналары, «Kazinform» халықаралық ақпараттық агенттігі, Деректі фильмдер орталығы кіреді.

Иордан телерадио корпорациясы – 1985 жылы Jordan TV мен Jordan Radio бірігуі арқылы негізі қаланған мемлекеттік телерадио корпорациясы. Корпорация 10-нан астам телевизиялық және радио арнаны біріктіріп, араб және ағылшын тілдеріне хабар таратады.

«Әл-Мамляка» тәуелсіз медиа стансасы – 2015 жылы іске қосылған тәуелсіз спутниктік телеарна және Иордания мен Таяу Шығыс өңіріндегі оқиғалардан араб тілінде жедел ақпарат таратуға машықтанған.

Иордан ақпарат агенттігі (Petra) – 1969 жылы король жарлығымен құрылған ақпарат агенттігі. Күн сайын араб тілінде 100-ден астам, ағылшын тілінде 35 материал жариялай отырып, Иорданиядағы, Таяу Шығыс пен әлемдегі оқиғаларды хабарлайды.

Айта кетейік, Президент Иорданияға ресми сапары аясында 10 құжатқа қол қойды.