Президент телерадиокешені Оңтүстік-Шығыс Азияда медиа серіктестікті кеңейтеді

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Бас директоры Ву Вьет Транг бастаған Вьетнам ақпарат агенттігінің (VNA) делегациясы ҚР Президенті Телерадиокешенінің кеңсесінде болып қайтты.

Кездесу барысында тараптар екі елдің бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы кәсіби байланысты дамыту перспективаларын талқылады. Бүгін қол қойылған Ақпарат саласындағы ынтымақтастық туралы келісім аясында ақпараттық материалдармен алмасу, контентті бірлесіп шығару, елдік медиа жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ тәжірибе алмасу және бірлескен оқу бағдарламаларын өткізу мүмкіндіктері сөз болды. 

ҚР Президенті Телерадиокешені — еліміздегі ірі медиакомпаниялардың бірі. Оның құрамына республикалық Jibek Joly телеарнасы мен радиосы, Silk Way халықаралық телеарнасы, Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі және Деректі кино орталығы кіреді.

Вьетнам ақпарат агенттігі (VNA) — Вьетнам Социалистік Республикасының ресми баспасөз органы болып саналатын ұлттық ақпарат агенттігі. 1945 жылғы 23 тамызда құрылған, ел үкіметіне тікелей бағынады. VNA Вьетнам мен әлемдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, ғылыми және технологиялық тақырыптарда ақпарат таратады.

Айта кетейік, бүгін Астанада Қазақстан Республикасы мен Вьетнам Социалистік Республикасы арасында стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен мәлімдеме жасалды.