Президент Телерадиокешені жаңа маусымын ашты – Kazinform, Jibek Joly қандай жобалар ұсынады

Фото: Kazinfom

ҚР Президенті Телерадиокешені елордада жаңа ақпараттық маусымының тұсаукесерін өткізді. Оның құрамында Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі, Деректі кино орталығы және Jibek Joly, Silk Way, Silk Way Cinema телеарналары бар. Осы орайда Kazinform агенттігі жаңа маусымда Президент Телерадиокешенінің медиаресурстары қандай қызықты жобалар ұсынатынына шолу жасады. 

Тұсаукесерге Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Руслан Желдібай және Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, отандық БАҚ басшылары, медиаиндустрия мен эстрада жұлдыздары, Парламент депутаттары, келді.

«Адамзат тарихында қарқынды дамып, күн сайын өзгеріп отырған екі сала болса, оның бірі — ақпарат пен медиа. Осыдан 30 жыл бұрын елімізде екі телеарна, 10-15 шақты газет-журнал болса, бүгінде БАҚ саны бес мыңнан асты. Демек барлық бұқаралық ақпарат құралдары үлкен бәсекелестік жағдайда жұмыс істеп, өздерінің оқырмандары мен көрермендері үшін атсалысып жүргені сөзсіз. Соның ішінде өткен жылы ребрендинг жасап, көрермендердің көзайымы болған Jibek joly арнасы — үлкен ұжымның тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеуінің нәтижесі. Жаңа маусым телекөрермендердің көбеюіне ықпал етері сөзсіз. Тұтас ұжымға шығармашылық табыс тілеймін, дендеріңіз сау, отбасыларыңыз аман болсын. Еліміздің дамып-өркендеуі жолында жақсы ақпаратты тарата беріңіздер», — деді ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өз құттықтауында.

Фото: Kazinform

Ал Президенттің ішкі саясат және коммуникациялар мәселелері жөніндегі кеңесшісі Руслан Желдібай Jibek Joly арнасының аз уақытта өсу жолына тоқталды. 

«Бір жыл бұрын осы телеарнаны ашу идеясы қалай пайда болғаны, телеарна атауы, логотипінен бастап, қалай ойластырылғаны көз алдымда өтті. Сондықтан бұл үлкен жұмыс. Әрине бір жыл — қазіргі әлем үшін қас-қағым сәт. Бірақ аз ғана уақытта Jibek joly арнасының осындай деңгейге көтерілуі — үлкен мақтаныш. Сондықтан телеарна ұжымына шын жүрегіммен алғыс айтамын. Президенттің баспасөз хатшысы қызметінде жүргенімде осындағы әрбір қызметкердің еңбегін жақсы білемін, жаңа ғимаратқа барғанда да танысқанмын. Телеарнаға тек шығармашылық табыс тілеймін», — деп құттықтады ҚР Президентінің ішкі саясат және коммуникациялар бойынша кеңесшісі Руслан Желдібай.

ҚР Президенті телерадиокешенінің бас директоры Раушан Қажыбаева ұжымның соңғы бір жылда бірнеше бағытта қатар дамып, бірегей медиахолдингке айналғанын атап өтті.

«Біздің медиаресурстар түрлі ортаға арналған сан алуан контент әзірлейді. Сол үшін де жоғары сенімге ие. Бүгінде теледидарға сұраныс азайғаны жөнінде көп айтылады, оған біздің айтарымыз — көрерменге жеткізу тәсілі емес, коненттің өзі маңызды. Мұны жекелеген телеарналардың маңызды жобалар арқылы жалпы көрсеткіштерді арттыруы мысалында көріп отырмыз. Шын мәнінде біздің үлкен мақтанышымыз — Silk Way Cinema жобасы. Мұнда алғаш рет отандық телекомпаниялардың, киностудиялардың үздік жобаларының үлкен кітапханасы жиналды. Осы жобаға үлес қосқан барлық әріптестерімізге, барлық қазақстандық медиаға алғыс білдіреміз. Бүгінгі таңда Silk Way Cinema арнасы әлемнің 10 елінде хабар таратады және біз оның географиялық ауқымын кеңейтеміз», — деді Раушан Қажыбаева.

Фото: Kazinform

 

Бас директор 103 жылдық тарихы бар Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі қазақстандықтар үшін әлемдік оқиғалардың, шетелдік аудитория үшін — Орталық Азиядағы оқиғалардың қайнар көзі болып қала беретінін жеткізді.

Агенттік оқырман назарына күніне 400-ге жуық материал ұсынады.

Қазіргі уақытта Kazinform — 5 тілде жаңалық тарататын ақпараттық портал ғана емес, түрлі жанрдағы сараптамалық зерттеулердің, өзекті бастамалар мен эксклюзив пікірлер дереккөзі.

«Әлемнің 11 елінде агенттіктің меншікті тілшілері бар, сондықтан біздің басты міндетіміз — Қазақстан мен Орталық Азия өңіріндегі оқиғаларды шетелдік аудиторияға жеткізу. Жаңа жылдан бастап, агенттіктің ағылшын тіліндегі редакциясын едәуір күшейтетін боламыз. Біз Қазақстан өңірі мен Орталық Азия жаңалықтары бар ағылшын тіліндегі Telegram арнасын іске қосамыз», — деді Раушан Қажыбаева.

Kazinform жаңа ақпарат маусымын жаңа трансформациямен бастады. Агенттіктің сыртқы келбетінен бастап ішкі мазмұны түбегейлі өзгерді.

Бүгінде агенттік оқырмандары әлемнің 100-ден астам елінде жүріп, жедел әрі сенімді ақпаратты кез келген құрылғыдан жеңіл әрі оңай ала алады.

«Kazinform жаңа маусымға ғана емес, дамудың жаңа кезеңіне аяқ басты. Жаңашылдықтар визуалды және техникалық тұрғыда да жүрді, даму мен жетілдіруді жалғастыратын жаңа платформа ашылды. Оған қоса, редакциялық саясатта да өзгеріс бар: ақпарат беру тәсілін өзгерттік, мультимедиалық контентке басымдық беріп, мазмұнды әрі толыққанды ете түсеміз. Әдеттегі ленталық ақпарат өндірісінен Қазақстан, Орталық Азия және бүкіл әлем бойынша бірегей және эксклюзивті контент беруге ауысамыз. Біз үлкен бейнеақпарат агенттігі болуға да тырысамыз. Kazinform — қазақстандық БАҚ-тың бәсекелесі емес, біз елдің ақпарат алаңындағы серіктеспіз. Барлығымен ынтымақтастық орнатуға, эксклюзивті ақпаратпен алмасуға дайынбыз. Бұл ретте Kazinform өзінің басты қасиеті — сенімділікті ұстанады. Бізбен бірге болғаныңызға рахмет», — деді Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің басқарушы директоры Асқар Жалдинов.

Жаңа маусымда Президент телерадиокешені құрылымында бірден үш телеарна жұмысын бастады.

Олар — Jibek Joly отбасылық арнасы, әлемнің 100-ден астам елінде аудиториясы бар Silk Way спутниктік арнасы және Silk Way Cinema спутниктік киноарнасы.

2022 жылдың 1 қыркүйегінде эфирге шыққан «Jibek Joly» телеарнасы хабар таратқан бір жылда қазақстандық басты арналардың тізімінен көрініп, рейтингте ТОП ондыққа енді.

Телеарнаның үлесі қазір 7 есе артқан.

Жаңа маусымда Jibek Joly телеарнасы ақпараттық-сараптамалық бағдарламаларды, танымал ток-шоулар мен кино-сериалдар топтамасын ұсынады.

Мысалы, балалы болғысы келген отбасылар қамын Ләйлә Сұлтанқызы ойлайды, шетел асқан қаракөздердің отанымен байланысын Жанар Байсеміз орнатады.

«Менің ауданым» жобасы ел аудандарын аралап, халықпен тілдеседі.

Ал «Уәде» бағдарламасының жүргізушісі Ерболат Мұхамеджан министрлермен және әкімдермен тілдеседі.

Күндізгі эфирді Нұрлан имам Байжігітұлы, кешкі эфирді Нұрлан Қоянбаев тізгіндемек. Бұл —  қаншама контенттің бір бөлігі ғана.

«Бүгінгі шараның „Жаңа бағыт“ деп аталуының себебі бар. Бұл Jibek Joly арнасы үшін жаңа ізденістер, жаңа бағыттар мен бағдарламалар болса, Silk Way арнасы үшін — басқа елдерге таралу аймақтарының ұлғаюы болды. Биыл біз Әзербайжан елінің 14 пакетіне ендік, Ұлыбритания және көршілес Қырғызстанның цифрлық эфиріне ендік. Осыған дейін Silk Way телеарнасы Ресей, Грузия, Латвия, Польша және Біріккен Араб Әмірліктерінің эфирлік базасына енген болатын. Тағы атап өтерлігі, интернет-пакетте біз әлемнің 122 елінде бармыз. Silk Way телеарнасы 5 тілде хабар таратады, жаңа жылдан бастап түрік тілінде хабар таратуды бастайды. Қазір аудармашылар барлық контентті аударып жатыр. Jibek Joly арнасының негізгі коненті — халықтың көңілінен шығатын жанрлар, сонымен қатар біз еліміздің қоғамдық-ақпараттық идеологиясына негізделген жобаларды ұсынуға тырысып келеміз. „Silk Way Cinema“ телеарнасының да болашағы әлі алда, бұл ретте еліміздің барлық киногерлері мен продюсерлерін әріптес болуға шақырамын», — деді «Jibek Joly — Silk Way» арнасының басқарушы директоры Еркежан Күнтуғанқызы.

Сондай-ақ, ҚР Президент телерадиокешенінің Деректі кино орталығы — Мемлекет басшысының жұмысынан ақпараттық қамтамасыз ету мен мемлекет дамуының басым бағыттарын түсіндіру бойынша еңбек ететін құрылым.

Тек бір жылда орталық 40-тан астам қысқа және толық метражды фильмдер түсірген. Оның барлығы еліміздегі телеарналарда көрсетіліп шықты.

Деректі кино орталығы командасының жобалары түрлі халықаралық байқауларда топ жарып келеді.

Биыл орталықтың «Каспий итбалығы неге қырылып жатыр» деректі фильмі «Зилант» халықаралық кинофестивалінің жүлдегері атанды, ал «Бақытты балалық» — ресейлік «Белая птица» фестивалінің үздік балалар деректі лентасы болып танылды.

«Президент Телерадиокешені — аса қуатты ресурс, ал Деректі кино орталығы — біздің медикомпанияның жеке өндірістік базасы. Біздің бірінші міндетіміз — Мемлекет басшысының қызметі жайлы медиаконтент әзірлеу. Біз ресми хрониканы түрлендіріп, тартымды деректі киноға айналдырамыз. Ел Президентінің қатысуымен өтетін маңызды оқиғалар мен процесстерден ақпараттық қолдау көрсетуді қамтамасыз етеміз. Біздің деректі фильмдерде мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық стратегиясы қалай жүзеге асырылып жатқаны, жаңа Қазақстанның жарқын сәттері баяндалады. Біздің қаһармандар — шынайы адамдар. Олар өздерінің тұрмыс-тіршілігін, болашаққа жоспарын әңгімелейді», — дейді Деректі кино орталығының жетекшісі Ақылбек Аралбайұлы.

Салтанатты тұсаукесер кеші отандық эстрада жұлдыздарының мерекелік концертіне ұласты.

Айта кетейік, ҚР Президентінің Телерадиокешені 1996 жылы Мемлекет басшысының қаулысымен құрылған.