Ауқымды жоба еліміздің 20 қаласында жалғасып, қорытынды көрсетілім 25 қыркүйекте Алматы қаласында мәресіне жетеді.
Кинолекторий бағыты барлық облыс орталығын қамтып, авторлық деректі фильмдерді өңір тұрғындарына барынша қолжетімді етуді мақсат етеді. Көрсетілімдер облыс әкімдіктерінің қолдауымен аймақтық кинотеатрларда ұйымдастырылады. Кіру тегін.
Президент телерадиокешенінің шығармашылық керуені Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз, Ақтау, Атырау, Орал, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Жезқазған, Қарағанды, Көкшетау, Талдықорған және Қонаев қалаларын аралайды.
Әр өңірдегі көрсетілімнен кейін көрермен Президент телерадиокешенінің жеке өндірістік базасы – Деректі кино орталығының шығармашылық ұжымымен жүздесе алады. Деректі фильмдердің мазмұнын талқылау көрермендер арасында елдің өткені, бүгіні мен болашағы туралы мазмұнды ашық диалог қалыптастырады.
Кинолекторий кестесі және көрсетілім бағдарламасы Президент телерадиокешенінің ресми ресурстарында және серіктес платформаларда жарияланып тұрады. Көрермен алдын ала кестемен танысып, ұнаған туындыларды таңдап, өз қаласында өтетін шараларға қатыса алады.
«Шежіреден болашаққа» атты ауқымды ағарту жобасы Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің 30 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылып отыр.
Айта кетелік жыл сайынғы киножобалар конкурсында биыл қандай тақырыптарға басымдық берілетіні туралы жазған едік.