Президент Телерадиокешенінің қызметкерлеріне жаңа баспана кілттері берілді

АСТАНА. KAZINFORM — Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан жаңа пәтерлердің кілті табысталды.

Фото: Агибай Аяпбергенов/Kazinform

Салтанатты табыстау рәсімі Астана қаласында өтті. Мемлекет басшысының атынан пәтерлердің сертификаттары мен кілттерін журналистерге Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі — Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров табыс етті.

Медиа саласының өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтаған ол Президенттің бастамасымен 2019 жылдан бері 28 маусым ресми түрде Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні ретінде атап өтіліп келе жатқанын еске салды.

Фото: Агибай Аяпбергенов/Kazinform

— Бүгін кәсіби мереке қарсаңында біз қуанышты себеппен жиналып отырмыз. Осы сәтті пайдалана отырып, баспа басылымдарында, радио, теледидарда және электронды БАҚ-та еңбек етіп жүрген барлық әріптестерді кәсіби мерекесімен құттықтаймын, — деді Айбек Смадияров.

Ол Президенттің БАҚ қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі бастамасы осымен 4 жыл қатарынан жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

— Мемлекет басшысының тапсырмасымен мәдениет, денсаулық сақтау саласының өкілдері, жас ғалымдар пәтер алып жатыр. Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері де назардан тыс қалған жоқ. Биылғы жылдың ерекшелігі — баспана тек Астанада ғана емес, Алматыда, сондай-ақ еліміздің барлық өңірлерінде беріліп отыр. Өңірлік журналистиканы қолдау мен БАҚ қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуды мақсат етіп отырмыз, — деді ол.

Айбек Смадияровтың айтуынша, іріктеу барысында баспанаға мұқтаж жандарға басымдық берілген. Баспаналы болғандардың жартыға жуығын техникалық және кіші әкімшілік қызметкерлер құрады. Бұдан бөлек өңірлік басылымдардың қызметкерлеріне ерекше көңіл бөлінді.

— Кәсіби мерекеге орай 10 облыстық газеттің қызметкерлері баспанамен қамтылады. Сонымен қатар жеке басылымдардың, соның ішінде шалғай аудандардағы БАҚ жұмыскерлеріне де қолдау көрсетілді, — деп мәлімдеді Президенттің баспасөз хатшысы.

Фото: Агибай Аяпбергенов/Kazinform

ҚР Президенті Телерадиокешенінің қызметкерлері арасында пәтер сертификаттарын алғандар:

«Жібек жолы — Silk Way» телеарнасы Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар қызметінің шеф-редакторы Гүлжазира Мәтенова;
«Жібек жолы — Silk Way» телеарнасы Контент өндірісі қызметінің атқарушы продюсері Гүлжайна Алтынбекова;
«Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігі қазақ редакциясының аға талдаушысы Бақытжан Ербасов.

Сондай ақ «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы, «Хабар» агенттігі» АҚ, «Qazcontent» АҚ, Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі, «Еуразия» телеарнасы, «Қазмедиа» ЖШС, «7-арна», сонымен қатар, «Egemen Qazaqstan», «Казахстанская правда» және «Астана ақшамы» газеттерінің қызметкерлері де баспана кілттеріне ие болды.

Айта кетейік, мұнымен қоса, Мемлекет басшысы Президент Телерадиокешенінің қызметкерлерін марапаттаған еді.