Президент Temasek Holdings компаниясының бас директоры Дилхан Пиллэйді қабылдады

СИНГАПУР. KAZINFORM — Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Дилхан Пеллэй «Самұрық-Қазына» қоры мен Temasek компаниясы арасында стратегиялық серіктестік орнату мүмкіндігін талқылады.

Фото: Ақорда

Президенттің айтуынша, аталған бастама іскерлік байланыстарды кеңейтуге, экономикалық өсімді ынталандыруға ықпал етеді.

Мемлекет басшысы Қазақстан тарапының Temasek компаниясымен тығыз серіктестік жасауға мүдделі екенін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев сингапурлық компанияны Қазақстан экономикасының түрлі саласында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ісіне белсенді атсалысуға шақырды.

Фото: Ақорда

Дилхан Пиллэй көлік және логистика салалары бойынша біздің елмен арадағы ынтымақтастық перспективасына жоғары баға берді.

Қазіргі уақытта сингапурлық компания Қазақстан экономикасына қатысу мүмкіндіктерін зерделеп жатыр.

Кездесуде бірлескен инвестициялық қор құру, сондай-ақ цифрландыру, электронды коммерция және жаңартылатын энергия көздері салаларындағы ықпалдастық мәселелері қарастырылды.

Фото: Ақорда

Temasek — Сингапурдың 1974 жылы құрылған ең ірі инвестициялық компанияларының бірі. Әлемнің 9 елінде компанияның 13 өкілдігі бар.