Президент ТМД елдерінің адамдарды іздестіру шартына қатысты заңға қол қойды

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысы «2010 жылғы 10 желтоқсандағы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартына өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Фото: Ақорда

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. 

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, хаттамамен шартқа ТМД мемлекеттерінің құзыретті органдары арасында электрондық форматта ақпарат алмасуды регламенттейтін өзгерістер енгізу көзделген. Бұл ретте шартқа қатысушы елдердің құқық қорғау органдары адамдарды мемлекетаралық іздестіруге қатысты құжаттармен алмасу мақсатында ведомстволық электрондық пошта серверлерін пайдаланады.

— Адамдарды мемлекетаралық іздеу туралы шарт біздің елімізге шетелде қылмыстық қудалаудан немесе сот үкімін орындаудан жасырынып жүрген адамдарды тиімді іздеу үшін қажет. Шарт аясында біз іздеудегі адамдардың жүрген жерін анықтау және оларды белгіленген тәртіппен беру мәселелері бойынша ақпаратпен алмасамыз. Көптеген жыл бойы осы шарт аясында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Оның нәтижесінде көптеген оң практикалық нәтижелерге қол жеткізілді. Оның еліміз үшін пайдасы — осындай адамдарды іздестірудің тиімділігін арттыру және оларды жауапқа тартуды қамтамасыз ету. Бүгінгі күнде біздің елден басқа барлық мемлекетте хаттама ратификацияланған, — деді ол.

Осыған дейін Президент қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы заңға қол қойды.