Президент Тоқаев Ли Кай Фумен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Sinovation Ventures және 01ai компанияларының бас директоры Ли Кай Фуды қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Кездесу барысында жасанды интеллект, цифрлық трансформация, венчурлық инвестиция, стартаптар экожүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жаһандық технологиялық серіктестерді тарту салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.

— Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмысына және Digital Bridge 2025 форумы аясындағы іс-шараларға белсенді қатысқаны үшін Ли Кай Фуға алғыс айтты. Президентке қазақстандық тарап пен 01ai компаниясының AlemLLM тілдік моделін бірлесіп іске қосқаны, сондай-ақ жасанды интеллект экожүйесін дамыту мақсатындағы ынтымақтастықтың басқа да перспективті бағыттары жөнінде ақпарат берілді, — делінген хабарламада.

Бұдан бұрын Sinovation Ventures компаниясының бас директоры, жасанды интеллект саласының танымал сарапшысы Ли Кай Фу 1 қазан күні Kazinform агенттігіне сұхбат берді. Әңгіме барысында ол жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруда пайдалану тәжірибесі, Қытай үлгісінің ерекшелігі және Қазақстан үшін ықтимал даму жолдары туралы айтып берді.