Кездесу барысында жасанды интеллект, цифрлық трансформация, венчурлық инвестиция, стартаптар экожүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жаһандық технологиялық серіктестерді тарту салаларындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
— Қасым-Жомарт Тоқаев Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес жұмысына және Digital Bridge 2025 форумы аясындағы іс-шараларға белсенді қатысқаны үшін Ли Кай Фуға алғыс айтты. Президентке қазақстандық тарап пен 01ai компаниясының AlemLLM тілдік моделін бірлесіп іске қосқаны, сондай-ақ жасанды интеллект экожүйесін дамыту мақсатындағы ынтымақтастықтың басқа да перспективті бағыттары жөнінде ақпарат берілді, — делінген хабарламада.
Бұдан бұрын Sinovation Ventures компаниясының бас директоры, жасанды интеллект саласының танымал сарапшысы Ли Кай Фу 1 қазан күні Kazinform агенттігіне сұхбат берді. Әңгіме барысында ол жасанды интеллектіні мемлекеттік басқаруда пайдалану тәжірибесі, Қытай үлгісінің ерекшелігі және Қазақстан үшін ықтимал даму жолдары туралы айтып берді.