Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың хатына жауап жолдады

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың Қазақстаннан импортталатын тауарларға баж салығын салу туралы хатына жауап жолдады. Бұл туралы Ақорда мәлім етті.

— Мемлекет басшысы Қазақстан Америка Құрама Штаттарының бұрыннан келе жатқан сенімді сауда әрі инвестициялық серіктесі ретінде әділ, түсінікті және өзара тиімді сауда байланыстарын дамытуға бейілділігін атап өтті. Қазақстан Президенті сауда мәселелері бойынша рационалды шешім әзірлеу мақсатында еліміздің конструктивті диалогты жалғастыруға дайын екенін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев сауда проблемасына қатысты ортақ мәмілеге қол жеткізуге болатынына сенім білдірді, — делінген хабарламада.

Еске сала кетейік, АҚШ президенті ресми Астанаға Қазақстан тауарларына 25 пайыздық баж салығын енгізгені туралы хат жолдаған болатын. 

Сауда және интеграция министрлігі АҚШ-тың Қазақстан тауарына жаңа тарифіне қатысты мәлімдеме жасады.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында АҚШ белгілеген 25 пайыз экспорт бажы Қазақстан фермерлеріне қалай әсер ететінін айтты.