Президент ТРК қызметкерлері мобилография курсынан өтті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміздегі келешегі зор жас режиссерлердің бірі Қыран Талапбек ҚР Президенті телерадио кешенінің қызметкерлері үшін мобилографиядан оқыту курсын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қыран Талапбек базалық дағдылардың бірі ретінде орын алған жайтқа жедел әрекет жасай білу маңыздылығын атап өтіп, «Фрейминг теориясы» туралы – жаңа дағдылардың көмегімен аудиторияға белгілі бір ақпаратты тиімді жеткізу жайында айтып берді.

Режиссер заманауи журналистикадағы мобилографияның маңыздылығына тоқтап, смартфондағы виедокамераны қалай дұрыс баптау қажеттігін түсіндірді. Оның атап өтуінше, уақыт ағымынан қалып қоймау үшін медиаконтентті дұрыс пайдалану қажет.

Ол видеоконтентті қалай дұрыс монтаждау керектігін іс жүзінде көрсетіп, қандай кадрларды таңдап алу керектігін түсіндірді. Сонымен қатар режиссер видеоны монтаждау үшн түрлі оқыту құралдарымен таныстырып, жүріп келе жатқан кезде видеоны түсіру үшін қалай дұрыс қадам жасау керектігін көрсетті. Мұнан бөлек, телерадиокешен қызметкерлері телефонға түсірілетін сұхбат негізімен таныстырды.

Іс-шара барысында Қыран Талапбек қойылған сауалдарға тұщымды жауап берді.