Президент цифрлық кеңістікте қазақша сапалы әрі тартымды өнімдерді көбейтуді тапсырды

АСТАНА. KAZINFORM — Цифрлық кеңістікте қазақ тіліндегі сапалы әрі тартымды өнімдерді көбейту — аса маңызды міндет. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында айтты.

Фото: Kazinform/ЖИ

Президенттің айтуынша, тілдің болашағы тек сөздік пен оқулыққа байланысты емес. Адам қай тілде ақпарат іздеп, фильм көріп, білім алса, сол тілдің әлеуеті күшейе түсетіні анық.

— Сондықтан цифрлық кеңістікте қазақ тіліндегі сапалы әрі тартымды өнімдерді көбейту — аса маңызды міндет. Әсіресе, қазақ тілін өздігінен үйренуге мүмкіндік беретін ІТ-өнімдер, балалардың тілін дамытуға арналған фильмдер мен ойындар көп болуы қажет, — деді Мемлекет басшысы.

Қазақша ақпараттың аясы, яғни қазақ тіліндегі контенттің ауқымы мейлінше кең болғаны дұрыс.

Ғылым, технология, мәдениет, кәсіпкерлік, спорт және басқа да өзекті тақырыптар бойынша сапалы өнім әзірлеген жөн.

— Жалпы, осындай жобаларға мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсету қажет. Бұл мәселе бойынша арнайы жұмыс тобын құруға болады. Осы маңызды іске «Қазақ тілі» қоғамының басшысы Рауан Кенжеханұлы және қоғамның мүшелері зор үлес қосары күмәнсіз. Сайып келгенде, тіліміздің болашағына бәріміз бірдей жауаптымыз. Әрқайсымыз қазақ тілінің тұғырын нығайтуға атсалысуымыз керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында сөз сөйлеп жатыр.

Шара барысында Президент қазақ тілінің абырой-беделін арттыру үшін табанды жұмыс істеу керектігін айтты.

Жаңа Конституцияда «Тәуелсіздік» және «Егемендік» сөздерін бас әріппен жазылатын болды.