«Бесінші басымдық – сенім (Trust). Қазір аумалы-төкпелі заман болып тұр. Халықаралық ахуал да тұрақсыз. Осындай алмағайып кезеңде түркі жұртының бірлігін бекемдей түсу аса маңызды. Бұл – ортақ қауіпсіздігіміздің сенімді кепілі.
Қару-жарақ және есірткі саудасына, терроризм мен экстремизмге, көші-қонға қатысты сын-қатерлер көбейді. Мұндай қауіптердің алдын алу үшін қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтуымыз керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Президент келесі жылы Астанада түркі мемлекеттерінің Қауіпсіздік кеңесі хатшыларының 3-ші отырысын өткізуді ұсынды.
«Түркі мемлекеттерінің қаржылық тергеу органдары арасында қылмыспен бірге күресу және ақпарат алмасу туралы келісім жасау маңызды», - деді Мемлекет басшысы.
Еске салайық, бүгін Астанада Түркі мемлекеттері ұйымының Х саммиті өтіп жатыр.
Жиынға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан президенттері ұйымға мүше мемлекет басшылары ретінде, Мажарстан Премьер-министрі мен Түрікменстан басшысы бақылаушы елдің басшылары ретінде қатысады.
ТМҰ саммиті «Түркі дәуірі» ұранымен өтеді.
Бүгін Сыртқы істер министрлігінде Түркі мемлекеттері ұйымының сыртқы істер миинстрлері кеңесінің жабық отырысы өтті.
Шарада ҚР Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Израиль-ХАМАС қақтығысындағы Қазақстан ұстанымын айтты.