Президент Түрікменстанның тұрақты бейтараптығына 29 жыл толуымен құттықтады

АСТАНА. KAZINFORM – Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовке Түрікменстанның тұрақты бейтараптығына 29 жыл толуына орай құттықтау жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті жеделхатында Түрікменстанның табысты жүргізіп отырған бейтараптық саясаты елдің халықаралық аренадағы беделін биіктетіп, зор құрметке бөлегенін атап өтті.

— Қазақстан мен Түрікменстанды сан ғасырдан тамыр тартатын берік достық, тату көршілік және өзара қолдау рухындағы қарым-қатынас байланыстырады. Бауырлас екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік нығая түсіп, қарқынды дамып келеді. Біз мұны жоғары бағалаймыз, — делінген құттықтауда.

Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентінің жауапты қызметіне табыс, ал бауырлас түрікмен халқына бақ-береке тіледі.

Осыған дейін Тоқаев энергетиктерді марапаттау туралы Жарлыққа қол қойғаны хабарланды.