Президент Үкіметке ІІМ туралы заң жобасын әзірлеуді тапсырды - К. Мәсімов

None
АСТАНА. 17 қаңтар. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекет басшысы былтырғы жылы құқық қорғау органдары мен сот жүйесін реформалау арқылы жұмыстарға оң баға беріп отыр.

Бүгін ҚР Әділет министрлігінде өткен алқа мәжілісінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті.

«Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісі өтті. Онда Мемлекет басшысы былтырғы жылы жүргізілген құқық қорғау органдарын және сот жүйесін реформалау жөніндегі атқарылған шараларға оң баға берді. Жалпы алғанда, реформа аясындағы заңдар Әділет министрлігінің қолдауымен жүзеге асатындықтан, Мемлекет басшысының атқарылған жұмыстар бойынша позициясын білдіргім келеді. Бұл ретте Президент құқық қорғау және сот жүйесі бойынша заңдардың уақытылы қабылданғанын айтып, атқарушы және заң шығарушы биліктің жұмысын жоғары бағалады»,-деді К. Мәсімов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы былтырғы жылы реформа аясында атқарылған шаралардың барлығы алғашқы қадам екендігін айта келе, басталған жұмысты тоқтатпау қажеттігін атап өтті. «2011 жылы құқық қорғау органдары және сот жүйесін реформалау саласында қолға алынған жұмыстар жалғасады. Атап айтқанда, Президент Үкіметке Ішкі істер министрлігі туралы заң жобасын әзірлеу туралы тапсырма жүктеді. Осыған орай Әділет министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп жұмыс тобын құрып, іске кірісуі керек»,-деді К. Мәсімов.