Президент Үкіметке «Отбасының цифрлық картасын» жыл аяғына дейін іске қосуды тапсырды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Отбасының цифрлық картасы» атаулы әлеуметтік көмектің діттеген адамдарға жетуін қамтамасыз етеді. Digital Bridge 2022 технологиялық форумында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осныдай ой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан цифрлық құжаттарды толыққанды енгізіп жатыр. Бұл процесс әрі қарай жетілдіруді қажет етеді. Мемлекет азаматтармен және бизнеспен қарым-қатынасында проактивті түрде әрекет ететін болады. Бұл мемлекеттік қызметтер азаматтарға өтінімді күтпестен, алдын ала көрсетіледі деген сөз. Бүгінде әлеуметтік басым бағытқа жататын 25 қызмет проактивті форматқа көшірілген. Оның ішінде жәрдемақы тағайындау, балабақша кезегіне тұру, мүгедектікті белгілеу, зейнетақы төлемін жасау сияқты қызметтер бар», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, Президент жыл аяғына дейін қолданысқа енгілізетін «Отбасының цифрлық картасының» артықшылықтарына тоқталды.

«Одан бөлек, «Отбасының цифрлық картасы» енгізіліп жатыр. Бұл құрал нақты уақыт режимінде 80-нен астам өлшемді талдай алады. Бұл қиын жағдайға тап болған отбасыларға жедел әрі артық қағазбастылықсыз көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Ең бастысы, аталмыш құрал шын мәніндегі атаулы әлеуметтік көмек жүйесіне көшуге мүмкіндік береді. Үкімет аталған цифрлық сервисті жыл аяғына дейін іске қосу қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.







Фото: t.me/bort_01


Соңғы жаңалықтар