Президент Үкіметке уранның орнына торийді пайдалану мүмкіндігін зерделеуді тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пурду (АҚШ) университеті Ядролық энергетика мектебінің профессоры Зинетола Еңсеповтің энергетикада торийді пайдалану мүмкіндігіне қатысты ақпаратына қызығушылық танытты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақытта электр энергиясының 78 пайыздан астамы қазба отынды жағу арқылы өндіріледі. Енді 20 жылдан кейін жағдай күрт өзгеруі тиіс. Өйткені, торийге негізделген ядролық энергетика қазба отынды ығыстыруы тиіс. Бүгінде әлемде уранмен жұмыс істейтін 439 және салынып жатқан 180 реактор, сонымен қатар ториймен жұмыс істейтін реактор бар. Мәселен, 2021 жылы Қытай бірінші торий реакторының сынаққа дайын екендігін мәлімдеген болатын. Табиғатта уранға қарағанда торий 3-4 есе көп», - деді ғалым Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында.

Оның атап өтуінше, Қытай, Үндістан, Канада торий атом реакторларын қолдану арқылы өздерін мың жылға алдын ала энергиямен қамтамасыз ете алады. Үндістан торийге толығымен көшуді жоспарлап отыр. Өйткені, ондағы торий қоры әлемдегі барлық елдегі торий қорынан көп. Үндістан мен Қытайдан бөлек Ресей, Жапония, АҚШ, Канада және Қазақстан торийге бай ел саналады.

«Меніңше, бұл мәселені зерделеу қажет сияқты. Осы жерде ғалымдармен бірге Премьер-Министр, Энергетика министрі отыр. Уран қоры бойынша біз әлемде бірінші орында екеніміз түсінікті. Бұл мәселені де зерделеу қажет. Мүмкін келешегі өте зор бағыт болар», - деп атап өтті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Зинетола Еңсепов бұл мәселені бұрынғы Энергетика министрі Владимр Школьникпен талқылағанын, бірақ ол оны шындап қарамағанын атап өтті. Дегенмен, Аргонн университетінде модульдік торий ракторларын жасау саласында байыпты жұмыс жүргізіліп жатыр.