«Энергетика мен жылу жалғыз проблема емес. 5 жылдан астам уақыттан бері кәріз-тазарту құрылғысын салу және жаңғырту мәселесі шешілмей келеді. Бастапқыда жобаларды мемлекеттік-жекешелік серіктестік тетігі арқылы жүзеге асыру жоспарланған. Алайда, екі жылдан кейін Үкімет бұл идеядан бас тартты. Енді бюджеттік қаржыландыру және займ тарту жайында сөз болып жатыр. Мәлімделген жобалар іске аспай қалды. Ендігі қапы қалған мүмкіндікті қайтарудың орнына Үкімет пен әкімдіктер жоспарды төмендету туралы шешім қабылдап, 2025 жылға дейін тек 7 жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Ал елімізде проблемалы 68 кәріз-тазарту құрылғысы бар», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл проблемалардың басты себебі тариф саясатының дұрыс жүргізілмеуі екендігін баса айтты.
«Осы саясат табиғи монополия қызметтерінің сапалы әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етуге тиіс. Бұл қызметтің тегін болмайтыны түсінікті. Нысандарды күтіп ұстауға және жаңғыртуға қажетті қаражат тариф есебінен бөлінуі керек. Бизнестен шығынға батып жұмыс істе деп талап ету орынсыз. Әр нәрсе жөнімен жасалуға тиіс. Мен бұл туралы Жолдауда айттым. Бірақ нақты әрі нәтижелі жұмыс әлі атқарылмай отыр. Жаңа тариф саясатының ережелері бекітілген жоқ. Тарифтерді қарастыру және келісу үдерісі жабық есік жағдайында өтеді. Табиғи монополия субъектілерінің міндеттемелерді орындау тәртібін тиісті деңгейде қадағалау керек», - деді Президент.
Фото: 3blaws.s3.amazonaws.com