Президент Үкімет мүшелеріне: «Turkistan» газетіне берген сұхбатымды, Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзімді толық түсінбегендеріңіз байқалады

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM — Салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуы тиіс. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

— Жазалаушы менталитеттен арылатын кез келді. Салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуы тиіс. Мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын жолға қою керек. Мұндай серіктестік әділдікке, өзара тиімділікке, тіпті экономиканы дамытудың маңызын түсіну тұрғысынан алғанда жауапкершілікке құрылуы тиіс деп ойлаймын. Бұл жөнінде жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатымда айттым. Үкіметтің кейбір мүшелерімен әңгімеден ұққаным, оны бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған секілді. Қызылордада өткен Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзімді де толық түсінбегендеріңіз байқалады, — деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, Интернет ұзақ мәтіндерді оқудан алыстатты. Оның үстіне кітаптар мен мақалаларды оқымай-ақ, мазмұнын тыңдай салатын мүмкіндік пайда болды.

— Бірақ бұл мемлекеттік қызметкерлерге жараспайтын әдет. Оқу керек. Әйтпесе, зейнет жасына жеткен кезде, ойлану қабілетінен айырылып қаласыздар, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің алдындағы негізгі міндетті атады.