Президент Үкіметке «Торғай - Ырғыз» және батыс бағытындағы құрылысты жеделдетуді тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM — Президент Үкіметке «Торғай - Ырғыз» және батыс бағытындағы басқа да автокөлік жолдарының құрылысын жеделдетуді тапсырды.
Бұл туралы өзінің Telegram арнасында ҚР Президентінің көмекшісі – Баспасөз хатшысы Руслан Желдібай жазды.
Айта кетейік, Қостанай облысында стратегиялық маңызды «Орталық-Батыс» автокөлік дәлізі салынып жатыр.
Құрылыс жұмыстары маусым айында бірден екі жерде басталды. Оның бірі Арқалық қаласында болса, екіншісі Қостанай облысы Жанкелді ауданы Торғай ауылында.
Құрылыс жұмыстары жалпы ұзындығы 865 км болатын «Астана — Жантеке — Егіндікөл — Арқалық — Торғай — Ырғыз» бағытын құрайды.
Осыған дейін жаңа көлік дәлізі елдің орталығы мен батысын тікелей жалғап, Транскаспий халықаралық көлік бағытына жол ашатыны айтылды.
Жоба жүзеге асатын болса, Астана мен Ырғыз арасындағы жол 573 километрге қысқарады.