Президент: Үкіметтің бірінші кезектегі міндеті — батыл, күмәнсіз шешімдер қабылдау үрдісін жаңғырту
АСТАНА. KAZINFORM — Үкімет, орталық және жергілікті атқарушы органдар өз жауапкершілігін толық сезініп жұмыс істеуі тиіс. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Алдымызда ауқымды, маңызды міндеттер тұр. Біз әрдайым бір қадам алда жүруіміз керек. Ойланып-толғанып отыратын уақыт жоқ. Батыл, тиімді шешім қабылдап, оны жедел жүзеге асыру қажет. Шын айтқанда, бүгінгі қаралып жатқан мәселелер — белгілі, олар Жолдауымда да, Ұлттық құрылтайда да көтерілді. Үкімет мүшелері, иә болмаса айналамызда жүрген «сарапшылар» ел экономикасының алдында тұрған түйткілдерді шешу жолын тез арада ұсынады деп күтудің қажеті жоқ деген сияқты пайымдаулар бар екенін біз жақсы білеміз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пайымынша, бәсекеге қабілетті ел болуымыз керек. Бәсекеге қабілетті болсақ, болашағымыз да жарқын болады.
— Негізгі басымдықтарымыз өзгермейді. Азаматтардың табысын арттырып, тұрмыс сапасын жақсарту басты міндет болып қала береді. Үкімет, орталық және жергілікті атқарушы органдар өз жауапкершілігін толық сезініп жұмыс істеуі тиіс. Үкіметтің бірінші кезектегі міндеті — батыл, күмәнсіз шешімдер қабылдау үрдісін жаңғырту. Ел игілігі және азаматтардың мүддесі үшін еңбек ету қажет. Әрбір тапсырма уақтылы әрі сапалы орындалуы керек. Ең бастысы, елге пайдасы тиетін нақты нәтиже болуға тиіс, — деді Президент.
Бұған дейін Президент мемлекет жеке капитал рөлін өзіне алудан бас тартуы қажеттігін айтқан еді.