Президент Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің функцияларын кеңейтті
АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес туралы кейбір мәселелер» туралы Жарлыққа қол қойды.
Құжат жаңа Бюджет кодексінің күшіне енуіне байланысты қабылданып, Президент жанындағы Ұлттық қорды басқару жөніндегі кеңестің рөлін күшейтуге бағытталған.
Кеңес — Президент жанындағы консультативтік-кеңесші орган және Ұлттық қор қаражатын пайдалану мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) зейнетақы активтерін басқару мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеумен айналысады.
Жарлыққа сәйкес, кеңес келесі функцияларды жүзеге асырады:
— Қор қаражатын қалыптастыру мен пайдаланудың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
— Республикалық бюджетке Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт мөлшері бойынша ұсыныстар әзірлеу;
— Басқа қаржыландыру көздері болмаған жағдайда, бүкіл ел үшін маңызы бар аса маңызды нысандар мен жобаларды қаржыландыруға қордан нысаналы трансферттер көлемін және бағыттарын қарастыру;
— Ұлттық әл-ауқат қорының борыштық бағалы қағаздарын сатып алу арқылы қор қаражаты есебінен жобаларды қаржыландыру жөнінде ұсыныстар қалыптастыру;
— Қор қаражатын орналастыруға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін айқындау;
— БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін тиімді басқару бойынша ұсыныстар әзірлеу;
— Зейнетақы активтерін инвестициялау бағыттарын, сондай-ақ сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін қарастыру;
— БЖЗҚ қызметі туралы жыл сайынғы есепті талдау және талқылау.
Кеңестің жұмысын Қазақстан Республикасының Президенті басқарады. Төраға отырыстардың өткізілу орны мен уақытын белгілейді, оларды өткізуді басқарады және кеңес мүшелеріне міндетті тапсырмалар береді.
Кеңес мүшелері отырыс күн тәртібін дайындауға және талқылауға қатысады, ұсыныстар енгізеді және шешім қабылдауға қатысады.
Отырыстар жылына кемінде бір рет іштей және сырттай форматта өткізіледі. Шешімдер қатысушылар санының жай көпшілік даусымен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда төрағаның даусы шешеді.
Кеңестің жұмыс органы ретінде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі айқындалды. Кеңес құрамында өзгеріс жоқ.
Кеңес құрамына кімдер кіреді:
— Қазақстан Республикасының Президенті (Кеңес төрағасы);
— Қазақстан Республикасының Премьер-министрі;
— Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы (келісім бойынша);
— Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төрағасы (келісім бойынша);
— Президент Әкімшілігінің басшысы;
— Ұлттық банк төрағасы;
— Премьер-министрдің бірінші орынбасары;
— Жоғары аудиторлық палата төрағасы;
— Қаржы министрі;
— Ұлттық экономика министрі.
Жарлық 2025 жылғы 4 шілдеде күшіне енді.
Бұған дейін Президент бастамаларына арналған резервті бөлу қағидалары жаңартылғаны туралы жазған едік.