Президент үндеуі Қазақстан келешегінің жасампаздығын көрсетеді - Сыдықов

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді бөлу жөніндегі үндеу Қазақстан келешегінің жасампаздығын көрсетеді. Бұл пікірді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жалпы, Ұлы далада дүниеге келген мәңгілік еліміздің тарихындағы ең ірі саяси, тарихи оқиғалардың бірі Елбасы үндеуімен байланысты болып отыр. Бұл үндеуді 25 жылда біз аяғымыздан нық тұрдық, қанатымызды жайдық, деп түсіну қажет. Жалпы, Мемлекет басшысы осы үндеуі арқылы еліміздің сапалы демократиялық бағытта дамудың жаңа екінші кезеңіне аяқ басқанын жариялап отыр. Екіншіден, алдағы болатын саяси өзгерістер елдің ішіндегі саяси биліктің ынтасымен, Елбасының өз ұсынысымен енгізілгелі отыр. Бұл дегеніңіз еліміздің келешегінің өміршеңдігін, жасампаздығын көрсетеді», - деді Ерлан Сыдықов.   

Айта кетейік, кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық телеарналар арқылы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу мәселелері жөніндегі үндеуін жария етті . Онда Президенттің  әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру, Үкіметті жасақтауда Парламенттің рөлін күшейту қарастырылған.