Қазақстан мен АҚШ корпорациясы өңіраралық сауда мен инфрақұрылым жобаларын талқылады
ВАШИНГТОН. KAZINFORM — Президент U.S. International Development Finance корпорациясының (DFC) атқарушы директоры Бен Блэкті қабылдады, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Беделді халықаралық қаржы институты басшысымен кездесуде инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланды.
Мемлекет басшысы корпорацияны Қазақстанның орнықты дамудағы маңызды серіктесі деп атап, экономиканың түрлі секторындағы ықпалдастықты тереңдетуге әзір екенін растады.
— Бен Блэк Президент Дональд Трамп пен оның әкімшілігі Қазақстанмен тығыз әрі өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға баса мән беретінін айтты. Осы орайда ол аймақтық және өңіраралық сауданы кеңейтуде стратегиялық маңызға ие тау-кен өндірісі, көлік-транзит инфрақұрылымы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асырудың мүмкіндігі мол екеніне назар аударды, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, осыдан бұрын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысында сөз сөйледі.
Шара барысында Тоқаев Президент Трамп атындағы арнайы награданы бекітуді ұсынды.
Сонымен қатар, кеңес отырысы барысында Қазақстан Газа секторындағы ахуалды тұрақтандырып, қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуға дайын екенін мәлімдеді.