Президент: Венчурлық капитал нарығын дамытуымыз керек
Венчурлық капитал нарығына халықаралық ойыншыларды тарту маңызды. Бұл туралы «Digital Bridge 2023» халықаралық технологиялық форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Инновацияның және технологиялық прогрестің ең маңызды қозғаушы күші ретінде венчурлық капитал нарығын дамытуымыз керек. Қазақстан стартаптарға инвестиция салуды ынталандыру үшін институттық және заңнамалық базаны дәйекті түрде жетілдіріп келеді. Былтыр венчурлық келісімдердің орташа мөлшері екі есе артты. Бұл – қуантарлық жайт. Осы орайда аталған саланы реттейтін нормативтік-құқықтық актілер базасын АҚШ, Сингапур және Гонконг елдерінде қолданылатын үздік тәжірибемен сәйкестендіру қажет. Сонымен қатар венчурлық капитал нарығына халықаралық ойыншыларды тартудың маңызы зор», - деді Президент.
Мемлекет басшысы қазір жасанды интеллект өте қарқынды дамып жатқанын айтты.
«Соның арқасында инклюзивті және тұрақты дамуға арналған тың мүмкіндіктер пайда болуда. Бұл салада жаһандық бәсеке өте жоғары. Қазақстан осы үрдістен тыс қалмауы керек. Бұл – заман талабы. Сондықтан біз қазір озық технологияны дамытуға айрықша назар аударып отырмыз. Қазіргі міндет – еліміздегі ІТ-мамандардың, сарапшылардың, ғалымдардың басын қосып, олардың күш-жігерін тиімді пайдалану. Сондай-ақ халықаралық серіктестердің зор мүмкіндіктерін еліміздің кәдесіне жарату», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.