Өз сөзінде Президент ауқымды реформалардың арқасында Қазақстан жаңа тұрпатты елге айнала бастағанын, азаматтардың болмыс-бітімі, мінез-құлқы, дүниетанымы өзгеріп жатқанын айтты.
— Қазақстан — құқықтық мемлекет. Еліміздің Бас құжаты — Конституциясында дәл осылай жазылды. Бірақ құқықтық ел болу Ата заңда ғана бекітіліп қойған қағидат емес. Осыны дұрыс түсінуіміз керек. Құқық күнделікті күйбең тірліктен басталуы қажет. Бұл — әр адамның жүріс-тұрысы, әдебі, тәртібі, тіпті, мінез-құлқы заңға қайшы болмауы керек деген сөз. Ата Заңға сәйкес, біз — зайырлы мемлекетпіз. Алайда, зайырлы болу ұлт болмысынан аттау немесе халқымыздың бойында бар құндылықтарды ұмыту деген ұғым емес, — деді Президент.
Озық, заманауи елдің азаматтары ең алдымен қоғамда, яғни, көпшілік ортада, әсіресе, жұмыс орнында өздерін орынды ұстай білуі қажет.
— Мысалы, соңғы уақытта көп адамдардың, тіпті, амандасу кезінде өрескел, орынсыз әрекеттерге жол беріп жатқанын көріп жүрміз. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты күшейте түсу қажет. Бұл — жай ғана шағын мәселе емес. Әр халықтың тұрмыстық салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына қарап шетел адамдары сол елдің қаншалықты мәдениетті, дамыған жұрт екендігі жөнінде пайым жасайды. Өркениетті мемлекет құру үшін бірінші кезекте халықтың мәдениеті жоғары болуы тиіс. Мұның бәрі қоғамдық орындарда әдеп сақтау, өзін дұрыс ұстау, өзара құрмет көрсету сынды негізгі қағидалардан басталатыны анық, — деді Қ. Тоқаев.
Президент осы құндылықтарды кеңінен дәріптеу арқылы қоғамда жаңа этикалық нормаларды орнықтыру қажеттігін жеткізді.
— Бұл — баршамызға ортақ міндет. Медицина қызметкерлері осы өте маңызды мәселе бойынша бүкіл қоғамымызға үлгі көрсетуі керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, Ақордада Президент медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады. Елімізде маусымның əр үшінші жексенбісі — медицина қызметкерлерінің күні. Бұл күнді атап өту ҚР Президентінің 1998 жылғы Жарлығымен белгіленген.
Жаңа Конституцияда «ұлт саулығы» ұғымына алғаш рет назар аударылды.
Президент медицина қызметкерлеріне күш көрсеткен адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы да пікір білдірді.