Президент: жаһандық үдерістерде Орталық Азияның рөлі айқын әрі салмақтырақ

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми Консультативтік кездесуінде жаһандық үдерістерде Орталық Азияның рөлі сенімді түрде артып, әлемдік аренадағы аймақтың үні айқын әрі салмақтырақ шыға бастады деп санайтынын жеткізді. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Фото: Ақорда

– Бұған Қырғызстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде сайлануы (2027-2028 жылдарға) жарқын мысал бола алады. Орайлы сәтті пайдалана отырып Қырғыз Президенті құрметті Садыр Нұрғожаұлы Жапаровты және барша қырғыз халқын осы тарихи жетістікпен құттықтаймын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы ықпалдастықтың барлық негізгі мәселесі былтыр Ташкентте өткен кездесуде егжей-тегжейлі талқыланғанын атап өтті.

– Сол кезде айтылған бастамалар, соның ішінде Консультативтік кездесулерді институционалдық тұрғыдан дамыту мәселесі әлі де өзекті және оны іске асыру мақсатында бірлесе жұмыс істеуіміз қажет. Қазақстан қол жеткізген келісімдерге ынталы, елдеріміз арасындағы достық, тату көршілік және стратегиялық серіктестікті нығайтуға бағытталған жасампаз бастамаларды одан әрі ілгерілетуді көздейді. Бірлескен күш-жігер арқылы ортақ прогресс жолында бұдан да биік белестерді бағындыратынымызға сенімдімін. Сөз соңында түрікмен дос-бауырларымызға Консультативтік кездесулер форматындағы алдағы іс-шараларды өткізуде табыс тілеймін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жиында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының бейресми Консультативтік кездесуіне қатысқанын жазған едік.