«Кәсіпкерліктің әлеуетін іске қосу және жеке құрылыс салушылардың инвестициялық белсенділігін ынталандыру қажет деп санаймын. Инвесторлар қайта жаңарту аумағында жер учаскелерін бұзуға және сатып алуға қаражат жұмсағысы келмейтіні түсінікті. Оларға Астананың сол жағалауында дайын инженерлік желілері бар бос кеңістіктерде салу тиімдірек. Бірақ ымыра табу керек. Оң жағалауды – қаланың ескі бөлігін күтіп ұстауға және дұрыс дамытуға назар аудару керек, оның өзіндік харизмасы бар. Бізге Астананың тепе-тең дамуы қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, инвесторлар апатты нысандарды сүріп, тұрғындарын басқа үйлерге қоныстандыруы қажет. Ал босатылған учаскелерде жаңа үйлер салуы керек. Әкімдік өз тарапынан оларға қажетті жағдай жасауға тиіс. Қалалық инженерлік инфрақұрылымды дамыту, жолдар мен әлеуметтік нысандар салу қажет. Осылайша, апатты және тозығы жеткен тұрғын үй мәселесін жалпы күш-жігермен шешуге болады.
«Мұнан бөлек, бұл қала орталығы мен оның төңірегінің дамуындағы теңгерімсіздіктерді жоюға көмектеседі. Қаланың ескі бөлігінің сыртқы келбеті де түрленеді. Адамдардың жайлы өмір сүруін қамтамасыз ететін үздік қала құрылысы шешімдері Астананың барлық аумағында пайдаланылуы тиіс. Жарқыраған зәулім ғимараттар, бай аудандар мен нағыз лашықтар, жартылай бұзылған ғимараттар - бұл біздің жолымыз емес. Жағдайды «теңестіру» керек. Әділ қоғам құру идеясының мәні де осында жатыр«, - деді Президент.