Президент «Жас сарбаз» қозғалысын ұлттық деңгейге көтеруді тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкілармиялық кеңестің отырысында әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Тағы бір маңызды міндет – жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу. Елімізде 9 мыңға жуық әскери-патриоттық ұйым жұмыс істейді. Сол ұйымдардың қатарында 260 мыңнан астам жасөспірім бар. «Жас сарбаз» қозғалысының аясында 400 «Смарт сарбаз» үйірмесі ашылды. Бұл үйірмелерге 6 мыңға жуық жас жеткіншек қатысады», - деген қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық рухын көтеруге баса мән беру қажет екенін еске салды.

«Бауыржан Момышұлы «Ешкім батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді, өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген.

Біз батырларымыздың ерлігін үнемі дәріптеп отыруымыз қажет. Осыған орай әскери-патриоттық тәрбие берудің 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеу керек. Сондай-ақ «Жас сарбаз» қозғалысын дамытып, оны ұлттық деңгейге көтерген жөн», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Астанада Мемлекет басшысының қатысуымен Бүкілармиялық кеңестің отырысы өтті.

Бұған дейін Қорғаныс министрлігіне қарасты оқу орындары педагогтерінің жалақысы өсетіні белгілі болған еді.