Президент: Жасанды интеллект жастарға жан-жақты дамуға мүмкіндік беріп отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AI & Digital Bridge – 2026 халықаралық форумында жасанды интеллект жастарға сапалы білім алып, жан-жақты даму үшін мол мүмкіндік беріп отырғанын айтты.

Фото: Ақорда

– Жастарымыз осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып, жасанды интеллектіні еркін меңгерген, әр нәрсеге сын көзбен қарайтын білімді тұлға болып қалыптасқаны маңызды, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөз соңында Қазақстан жаңа технологиялық экономиканың берік негізін қалағанын айтты.

– Цифрландыру және жасанды интеллект жылының басты мақсаты – қол жеткізілген табыстарды әр азаматтың игілігіне айналдыру. Жаңа технологиялық дәуірде еліміздің лайықты орын алуына қажетті алғышарттар бар. Табысымыз терең білімге, батыл шешімдерге, прагматикалық тәсілдер мен жауапты іс-әрекетке байланысты болмақ. AI & Digital Bridge таланттар мен идеяларды біріктіріп, халықаралық ынтымақтастықты тереңдете түсетініне, өршіл жобаларды қолға алуға ықпал ететініне сенімдімін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Технологиялық форумның пленарлық отырысында General Atlantic төрағасы және бас директоры Уильям Форд, NVIDIA вице-президенті Рев Лебаредян, Network School негізін қалаушы Баладжи Шринивасан, OneWeb, E-Space негізін қалаушы Грег Уайлер сөз сөйледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдану мәдениетін ілгерілетудің маңызы зор екенін айтқан болатын.