«Жылу-электр орталықтарының орташа тозу деңгейі ел бойынша 66%-ға жетті. Ал кейбір қалаларда 80%-дық шетін деңгейден асып кеткен. ЖЭО-лардың үштен бірі жарты ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп тұр. Шығыс Қазақстан облысының Риддер және Шемонаиха қалаларында жылумен жабдықтау желілері толығымен тозған», - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, әкімдіктерге мәселенің бәрін Үкіметке аударуды доғару керек.
«Мен бірнеше рет Үкіметке энергия объектілерін уақтылы жаңғыртуды бақылауға алуды тапсырдым. Әкімдіктер де бұл мәселені өздігінен шеше алмайтынын алға тартып, үкіметке аударып келді. Бұл сіздің нысандарыңыз, сіздердің жауапкершілік аймақтарыңызда», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.
Жиын барысында еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы есеп беріледі және Үкіметтің 2023 жылға арналған жұмыс жоспары қарастырылады деп жоспарланып отыр.