Президент Жолдауы құрылыс саласы мен кәсіпкерліктің дамуына жаңа мүмкіндік ашады — кәсіпкер

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында кәсіпкерлікті қолдау, экономиканы дамыту және құрылыс саласының әлеуетін арттыру мәселелеріне ерекше мән берілген. Бұл бастамалар отандық бизнестің дамуына тың серпін беріп, кәсіпкерлерге жаңа жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік ашады. Бұл туралы Астана қаласының кәсіпкері, меценат әрі қоғам белсендісі Хатам Шавхиев айтты.

Фото: Хатам Шавхиевтің жеке архивінен

Оның пікірінше, шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған ұсыныстар, әсіресе, құрылыс саласында жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін маңызды. Соның ішінде 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап микро және шағын бизнеске қатысты үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыру бастамасы кәсіпкерлерге түсетін әкімшілік жүктемені азайтуға ықпал етуі мүмкін.

— Мұндай бастама жүзеге асса, кәсіпкерлер өз жұмысын тұрақты жүргізіп, өндірістік әлеуетін арттыруға және жаңа жобаларды іске асыруға көбірек мүмкіндік алады. Бизнеске қолайлы жағдай жасау — кәсіпкерліктің дамуына тікелей әсер ететін маңызды фактор, — деді Хатам Шавхиев.

Кәсіпкер мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына шағын және орта бизнестің қатысу мүмкіндігін кеңейту, жеткізушілерге қойылатын талаптарды жеңілдету жөніндегі ұсыныстардың да маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, кәсіпкерлер үшін түсінікті әрі тұрақты ережелер қалыптастыру отандық компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.

Сондай-ақ құрылыс саласының ел экономикасындағы орнына тоқталған ол бұл бағыттағы басты міндет тек жаңа нысандар тұрғызумен шектелмейтінін жеткізді. Сапалы әрі қауіпсіз тұрғын үй салу, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жергілікті мамандарды жұмыспен қамту және отандық құрылыс материалдарын кеңінен пайдалану да саланың маңызды басымдықтары саналады.

— Құрылыс — ел экономикасының маңызды салаларының бірі. Біздің басты міндетіміз — сапалы әрі қауіпсіз нысандар салу, тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, жергілікті мамандарды жұмыспен қамту және отандық құрылыс материалдарын пайдалануды кеңейту, — деді ол.

Кәсіпкердің пайымынша, мемлекет пен бизнес арасындағы өзара сенімге негізделген әріптестік нығайған сайын экономиканың дамуына да жаңа мүмкіндіктер ашылады. Ал кәсіпкерлерге қолайлы орта қалыптастыру — жаңа жұмыс орындарын құрумен қатар, елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығына да ықпал ететін маңызды қадам.

Хатам Шавхиев отандық кәсіпкерлердің ел экономикасын дамытуға, бизнесті нығайтуға және халық игілігі үшін сапалы құрылыс нысандарын салуға үлес қосуға дайын екенін жеткізді.

Естеріңізге сала кетейік, 28 қазанда Мемлекет басшысы Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялады.