Президент Жолдауы-2021: Халықтың пікірі қандай

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Жолдауда осыған дейін жүзеге асқан дүниелер айтылып, алға жаңа мақсат-міндеттер қойылды. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі Президенттің жаңа Жолдауына қатысты астаналықтардың ой-пікірін тыңдап көрді.

Зинаида Ивановна, зейнеткер.

- Президент айтқан және қабылдаған шаралар шетінен жүзеге асып жатыр. Сонымен бірге алға қойылған міндеттер соңына дейін іске асуы тиіс. Солардың қатарында 1 мың мектеп салу керек деген тапсырмасы көңілден шықты. Өйткені, бәріміздің де баламыз бар. Өзіме қатысты айтар болсам, зейнетақыны көтерсе, жақсы болар еді. Азық-түлік бағасын шулап жүріп ретке келтірген секілдіміз, бүгінде тұрақтағаны байқалады. Айтпақшы, ұмытып барамын, Тоқаев айтқан тапсырмалардың ішінде зейнетақы жинағын тұрғын үй алуға жұмсау - оңды шешім. Енді оның шекті мөлшерін өзгертсе, бұл қарапайым халық үшін маңызды.

Толқын Сағынбаева, елорда тұрғыны.

- Иә, жалақы өседі дегенді естідім. Қуантады. Әсіресе, өрт сөндіруші секілді жұмысы ауыр мамандық иелерінің еңбегі еленсе деген өтініш бар. Жалақы өсумен қатар баға тұрақталса игі. Әйтпесе жалақы өседі, ізінше азық-түлік, басқа да заттардың бағасы көтеріліп кетеді. Президент айтып, нақты жүзеге асып жатқан істің бірі - мемлекеттік қызметтерді цифрландыру. Оның әсері байқалып жатыр. Бүгінде біраз қызметті үйде отырып-ақ алып отырмыз. Сондықтан бар дүниені айтқан дұрыс. Бұрынғыдай ХҚО-ға барып жүгіре бермейтініміз рас. Өте ыңғайлы.

Асылзат Қанатқызы, қала тұрғыны.

- Халықты жиі мазалайтын сұрақ - біз көп тұтынатын заттардың бағасы. Билік бағаның өспеуін қадағалауы тиіс. Оны Президенттің өзі де жиі айтады. Басқа сала бойынша мені ел азаматы ретінде мазалайтын сұрақ жоқ. Жұмыс бар, жалақы уақытылы беріліп тұр. Өзім көпбалалы анамын, балаларға берілетін жәрдемақыны рәсімдеу мен алу жолы жеңілдейді дегенді естіп қалдым. Жақсы болар еді. Жаңа Жолдауда біраз дүние айтылды рас, енді соның орындалуын күтеміз. Өз ойым, Мемлекет басшысы айтқан дүниелер сол қалпында

орындалуы тиіс.

Меруерт Айтбаева, елорда тұрғыны.

- Мемлекет соңғы уақытта әлеуметтік мәселелерге жиі көңіл аударып жатыр. Оның ішінде зейнетақы, жалақы мен түрлі жәрдемақы да бар. Президент көтерген тағы бір маңызды мәселе - зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана алуға жұмсай алу мүмкіндігі. Өте жақсы бастама, оның үстіне үлкен қалаларда тұрғын үй мәселесі өткір. Осы орайда үйдің бағасы өспесе екен деген тілек бар. Өйткені зейнетақы жинағы әркімде әрқалай, бәрінікі бірдей пәтер алуға жете бермейді. Қарапайым халықты толғандыратын басты мәселе - азық-түлік бағасы. Иә, биліктің бағаны өсірмеу жолында жұмыс істеп жатқанын білеміз, дегенмен кей жағдайда мәселе Президент араласқаннан соң ғана шешіліп жатады.

Жандос Елбазаров, қала тұрғыны.

- Бүгін Президенттің Жолдауын теледидар арқылы тыңдадым. Содан ұққаным, ең төменгі жалақы 60 мың теңгеге дейін көтерілетіні. Бұл әсіресе аз қамтылған және әлеуметтік осал отбасылар үшін едәуір қолдау. Сол сияқты Мемлекет басшысы 2024 жылы аудан әкімдерінің сайлауы өтетінін айтты. Бұл да бір жаңашылдық, биыл ауыл әкімдерін сайладық. Одан бөлек, 800 мектептің орнына 1 мың мектеп салу керектігі айтылды. Қоғам үшін тағы бір маңызды мәселе – тіл. Халық тұтастығын ойласақ, менің, сенің тілің деп таразыға салмағанымыз абзал. Өз басым Президент Жолдауын жыл сайын жібермей қараймын.