Президент Жолдауы әрбір астаналыққа түсінікті болуы тиіс - Бақыт Сұлтанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының Жолдауы әрбір астаналыққа және елорда тұрғындарына түсінікті болуы керек, тұрғындарға Жолдаудағы мүмкіндіктер туралы хабар берілуі тиіс.

Бұл  туралы Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов Астана әкімдігінде ҚР Президенті Жолдауын талқылау бойынша қала активінің жиналысында мәлімдеді.

«Елбасы Жолдауындағы негізгі пікірлер қазақстандық қоғамды жаңғыртуды жалғастыруға арналған жаңа мүмкіндіктерді көрсетті. Жолдау еліміздің басты байлығы - адамның дамуына арналды және онда республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы маңызды салалар қозғалды. Биылғы Жолдау мазмұны жағынан ерекше және уақыт елегінен өткен «Қазақстан - 2050» стратегиясы, «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясаты, «5 институционалды реформаны жүзеге асыру жөніндегі ұлт жоспары - 100 нақты қадам» құжаттарының қисынды жалғасына айналды», - деп атап өтті әкім.

Оның айтуынша, Жолдау қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыратын жаңа қозғаушы күшке айналады.

«Президент азаматтардың әлеуметтік жағдайын, өмір сапасын және қоғамның дамуын жақсарту бойынша ауқымы жағынан теңдессіз шараларды көрсетіп берді. Жолдаудың әрбір бөлімін жүзеге асыру әлемнің алдыңғы қатарлы 30 мемлекетінің қатарына нық сеніммен енуге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы айтқан міндеттер 11 қыркүйекте елорда активімен өткен кездесуде айтқан мақсаттармен, атап айтқанда, қаланы дамытудың жаңа моделін енгізу, инновацияны насихаттау мен креативті адамдардың артуына жағдай жасаумен тығыз байланысты. Жолдауды жүзеге асырумен айналысатындардың, яғни біздің ендігі міндетіміз - Жолдауды әрбір астаналыққа және елорда тұрғындарына түсіндіру, ондағы мүмкіндіктер туралы хабар беру», - деді Б. Сұлтанов.

Сонымен бірге, әкім Жолдауда көрсетілген барлық шаралардың ойластырылғанын, оларды жүзеге асыру үшін бюджеттен ғана емес, қосымша жеке инвестициялар да тартылатынын еске салды.

«Сондықтан, біздің алдымызда тұрған негізгі міндет - Мемлекет басшысы көрсеткен нақты шараларды тиімді жүзеге асыру», - деп сөзін түйіндеді әкім.