Президент Жолдауы аясында Қазақстанның инвестициялық стратегиясы жасақталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Президент Жолдауы аясында Қазақстанның инвестициялық стратегиясы жасақталады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті.

"Президент шетел инвестициясын тартуда Қазақстанның көшбасшылығын сақтап қалуды тапсырды. Бұл жұмыс инвестиция тарту жүйесінің үйлестіру реформасы аясында жүзеге асырылады. 1 қыркүйекке дейін инвестициялық стратегияны қабылдау қажет", - деді Үкімет басшысы.

Сонымен қатар Б. Сағынтаев Инвестициялар және даму министрлігіне трансұлттық компанияларды Қазақстанға тарту ісін одан әрі белсендіруді жүктеді.

"Жеңіс Маxмұдұлы (Қасымбек), бізге өндіріс пен тауар өткізу жаһандық тізбегіне енуге көмектесетін трансұлттық компанияларды тарту жұмыстарын белсендіре түсу керек. Қытайлық өндірістерді Қазақстанға көшіру бойынша Қытаймен бірлескен инвестициялық жобаларды жалғастыру қажет. Сонымен қатар Мемлекет басшысының инвестициялар және даму министрлігіне берген тапсырмасы аясында, тиісті инфрақұрылымдарды дамыту арқылы экспортқа бағытталған электромобильдердің өндірісін ары қарай дамыту сұрағын қолға алу керек", - деді ол.