«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында уақыт талабына сай даму бойынша негізгі бағыттар мен батыл қадамдарды көрсетіп берді. Ол еліміздегі барлық салаларға арналып отыр. Сондықтан, осы бастамаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету – депутаттық корпустың негізгі міндеті. Ең алдымен мемлекеттік қызмет жүйесін жаңғырту үшін жыл соңына дейін «Мемлекет қызмет туралы» заңнамаға түзетулер пакетін қабылдау қажет. Президент сапалы жаңа ұлттық индустрияны дамыту үшін жаңғыртылған заңнамалық негіз қажет екенін баса айтты. Бұл жерде жыл соңына дейін әзірленуі тиіс «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң өте маңызды, бұл заң өңдеуші өнеркәсіпті дамытудың қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін белгілейтін болады», - деді Мәжіліс спикері алтыншы сессияның алғашқы жалпы отырысында.
Экономикалық өсуді қалпына келтіру туралы заң жобасы аясында Мәжіліс Президенттің стратегиялық инвестициялық келісімнің жаңа құралын енгізу бастамасын іске асырады.
Сонымен бірге, Үкіметке жыл соңына дейін квазимемлекеттік сектордың барлық сатып алуларына қолданылатын бірыңғай заң әзірлеу тапсырылған.
«Бұл тақырыпты Мәжіліс депутаттары да бірнеше рет көтерген болатын. Президент біздің алдымызға Үкіметпен және Атамекен Ұлттық палатасымен бірлесіп, салық кодексіне және салық салуға байланысты барлық заң актілеріне ревизия жүргізу міндетін қойды. Жыл соңына дейін біз Экологиялық кодексті қабылдауымыз қажет, оның жобасы бізде қаралып жатыр. Сондай-ақ, Қазақстанның ұлттық парктері мен басқа да табиғи байлықтарын заңнамалық түрде қорғап, осы салада құқық бұзушылық жасаған азаматтарды қылмыстық және әкімшілік қудалауды қатаңдату қажет болады», - деді Н. Нығматулин.
Спикер Жолдауда құқық қорғау және сот жүйесін реформалауға үлкен көңіл бөлінгенін еске салды. Осылайша, 2021 жылдан бастап прокурорларға адам құқықтары мен бостандығына қатысты қылмыстық істер бойынша негізгі проессуалдық шешімдерді мақұлдау міндеті заң жүзінде жүктеледі. Сондай-ақ, учаскелік инспектордың мәртебесі заңнамалық тұрғыда жоғарылап, нәтижелі жұмыс істеу үшін мүмкіндіктер беріледі.
«Біздің алдымызда бизнесті күш құрылымдарының шамадан тыс араласуынан заңды түрде қорғау міндеті тұр. Сондай-ақ Мемлекет басшысы азаматтарды, әсіресе балаларды кибербуллингтен қорғау бойынша заңнамалық шаралар қабылдауды, азаптауға қарсы күрес, адам саудасына қарсы күрес заңнамаларын жетілдіруді тапсырды. Оған қоса, жыл соңына дейін қоғамдық кеңестер туралы заң қабылдауымыз керек, ол қазір біздің палатада жатыр. Қоғамдық бақылау туралы заң мен Ақпаратқа қол жеткізу мәселелері жөніндегі заңды әзірлеу мен қабылдау тапсырмасы да өзекті. Міне, жыл соңына дейін бірнеше айда қарастыратын заң жобаларының шағын тізімі, бұл бізді үлкен жұмыс күтіп тұрғанын көрсетеді. Тағы да қайталаймын, біздің басымдығымыз – Президент Жолдауында айтылған барлық тапсырмаларды іске асыруды заңнамалық қамтамасыз ету. Барлық депутаттық корпус пен фракциялар Жолдауды заңнамалық қамтамасыз ету үшін қажеттінің бәрін іске асыратынына сенімдімін», - деді Нұрлан Нығматулин.