- Алтын Орда сол кезеңдегі көптеген мемлекетке қарағанда өз дамуында стратегиялық ашықтық қағидатына берік болды. Бұл ұстаным қалалардың тұрпатынан да анық байқалды. Себебі ұлыс гүлденіп тұрған заманда қалаларды биік қамалмен қоршап, тұйықтау болған жоқ. Әр қала қарқынды сауда орталығы ретінде адамдардың еркін қозғалысына бейімделіп, дамыды. Бұл тәжірибе дала мен қала арасында қақтығыстар толастамады деген аңыз әңгімелерді түбегейлі жоққа шығарады. Керісінше, осы байланыстар орта ғасырдағы ең оңтайлы мемлекеттілік үлгісінің негізін қалады,- деді Президент.
Мемлекет басшысының пайымынша, Алтын Орда дәуірінен қалған қалалардың материалдық-мәдени мұралары – соның айқын көрінісі.
- Ғалымдардың мәліметіне сәйкес, алып империяның құрамында жүзден астам шаһар болған. Алтын Орда дәуірінде қала тұрғындарының тұрмысын жақсарту үшін озық инженерлік тәсілдер қолданылды. Мұны түрлі археологиялық қазба жұмыстарынан анық байқауға болады. Сол замандағы өндіріс пен құрылыстың қарқынды дамығанын Алтын Ордада жасалған кірпіштердің Ертіс пен Дунай аралығында кеңінен қолданылғанынан аңғаруға болады. Еуразияның түкпір-түкпіріндегі іскер адамдардың сауда жасауына, кәсіппен еркін айналысуына қолайлы жағдай жасалды. Осылайша, Жошы ұлысы алғашқылардың бірі болып жаһандық нарық қалыптастырды. Сол арқылы бүкіл аймақтың өсіп-өркендеуіне жол ашты,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Алтын Орда сол кезеңдегі көптеген мемлекеттерге қарағанда өз дамуында стратегиялық ашықтық қағидатына берік болғанына назар аудартты.