Президентке Сауд Арабиясы Королі мен Тақ мұрагерінен хат келді

АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысына Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Сауд пен Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әл Сауд хат жолдады, деп жазды Ақорда.

Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Сауд Арабиясының Королі, Қос киенің сақшысы Салман бен Әбделазиз Әл Сауд пен Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд хаттарында Таяу Шығыстағы күрделі ахуалға байланысты Қазақстан Президентінің Корольдікке қолдауы мен тілектестігін зор ризашылықпен қабыл алғандарын жазған.

- Король мен Тақ мұрагері бауырлас екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастардың тереңдігін айғақтайтын ұстанымды жоғары бағалап, барлық саладағы ықпалдастықты ортақ мүддеге сай одан әрі нығайтуға ниетті екендерін растаған, - делінген ақпаратта.

Сондай-ақ Мемлекет басшысына зор денсаулық, Қазақстан халқына бақ-береке тілейтіндерін жеткізген.

Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдерін су мәселесінде бірлесіп әрекет етуге шақырды.