Президентте әкімдерді қызметінен босату құзыры қалады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Президентте әкімдерді қызметінен алу құзыры қалады. Бұл туралы бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков мәлім етті, деп xабарлайды ҚазАқпарат.

Депутат Серік Біләлов отырыс кезінде Президенттің әкімдерге қатысты өкілеті қалатынын не қалмайтынын сұраған болатын.
«Конституцияның 87-бабына енгізілетін өзгерістер облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астана әкімдерінен басқа барлық деңгейдегі әкімдерді қызметке тағайындау немесе сайлау тәртібін заңмен айқындауды көздейді. Яғни Мемлекет басшысының осы мәселелер бойынша өкілетін республика Парламентіне беру ұсынылады. Осыған байланысты сұрақ, бұл ретте Президенттің өзінің ұйғаруы бойынша, барлық деңгейдегі әкімдерді қызметтерінен босату жөніндегі құқығы сақталады ма?», - деді өз сұрағында депутат.

Бұл өзгерістер Конституцияны өзгерту туралы жаңа заң жобасында қарастырылғандығын Жақсыбеков растады.

«Иә, ондай өзгерістер ұсынылды. Президент барлық әкімдерді өзі босата алады. 87-бап 4-пункт онда Президент өз ұйғарымы бойынша, әкімдерді қызметінен шеттете алады делінген. Бұл құзыр президентте қалады», - деді Жақсыбеков депутаттар алдында берген жауабында.

Айта кетейік, бүгін «Парламенттің бірлескен отырысында ҚР Конституциясына өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқылануда.

Отырыс басында ҚР Президенті баяндама жасады.